Білім басқармасы: Елордалық бір оқушының мектеп формасы – 30 мың теңге

24 Шілде 2019, 16:29
2739
Бөлісу:
Білім басқармасы: Елордалық бір оқушының мектеп формасы – 30 мың теңге

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптарды атады.

«Нақты жеткізуші жоқ. Дайын ешқандай эскиз жоқ. Жалғыз талап – мектеп формасы қою көк түсте болуы тиіс. Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы ата-аналармен бірге екі жыл бұрын мектеп формасы қою көк түсте болуы тиіс деп шешім қабылдадық. Базардан сатып ала ма, ательеде тіге ме, маңызды емес. Мектеп логотипі бөлек дайындалады. Ұлдарға жилет-шалбар-ақ жейде немесе салқын күндері водолазка, қыздарға сарафан-жейде немесе жилет-жейде-юбка, жилет-жейде-шалбар», - деді басқарма басшысы.

Жанғозин ата-аналарға белгілі бір жеткізушіден сатып алуға мәжбүрлеп жатса, бірден басқармаға хабарласуын сұрады. Сондай-ақ, мектеп формасын алуға бір оқушыға қанша теңге кететінін есептеп берді.

«Жергілікті өндірушілерге мониторинг жасадық. Шынымен сапалы мектеп формасын ғана емес, сапалы аяқ киім шығаратын өндірушілер бар. Мектеп формасын 20 мың теңге айналасында, ал аяқ киімді 6-8 мыңнан 10 мың теңгеге дейін алуға болады», - деді ол.

Сонымен қатар, басқарманың баспасөз қызметі берген мәліметте мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны, классикалық үлгіде болу керек екені, жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге тыйым салынатыны жазылған.

Өзгелердің жаңалығы