«Anti-Fraud» операциясы аясында елордалық полиция қызметкерлері аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен 43 жастағы ер адамды ұстады.
Тергеу барысында полицейлер күдіктінің жәбірленушіге телефон соғып, өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырғанын анықтады.
Қаскөй оның депозиттік шотынан белгісіз біреулер ақша аудармақшы болып жатқанын хабарлаған. Осылайша алаяқ азаматтың сеніміне кіріп, "қауіпсіздікті қамтамасыз ету" желеуімен бір миллион теңгені "қауіпсіз шотқа" аударуды ұсынған, – деді ІІМ баспасөз қызметі.
Бұдан кейін жәбірленушіге өздерін құқық қорғау органдарының қызметкеріміз деп таныстырған басқа адамдар хабарласқан. Олар «операция жалғасып жатқанын» айтып, оның өзге де жинақтары туралы ақпаратты нақтылаған. Жәбірленушінің басқа шотында қомақты қаражат бар екенін білген соң, алаяқтар оны ақшаны шешіп алып, «тексеру үшін» өткізіп беруге көндірген.
Содан кейән жәбірленуші 21 миллион теңгені қолма-қол шешіп алған. Ақшаны қорапқа салып, курьерлік қызмет арқылы беріп жіберген. Ұрланған қаражат үшінші тұлғаларға жеткізіліп, олар ақшаны әртүрлі шоттарға бөліп салған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында ақшаны заңсыз жөнелтумен айналысқан шетел азаматы ұсталды, – деп түсіндірді полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін іздеу жарияланған алаяқ Ресейде ұсталды.
Тағы оқи отырыңыздар:
iPhone иелеріне қауіп төнді: Жаңа схема қалай жұмыс істейді?
Шетелдік азамат қазақстандықтарды телефон арқылы алдаған
Делдалдарға сенбеңіз: Зейнетақы жинағын алудың заңды жолдары қандай?