Қазақстанда әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарын шығарып алуға көмектесу туралы ұсыныстары бар хабарландырулардың таралуы жиілеп кетті. Бұл туралы БЖЗҚ мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әңгіме сыйақы үшін азаматтардың кез келген санатына төлемдерді рәсімдеп беруге уәде беретін «делдалдар» туралы болып отыр. Сонымен қатар, олар өз қызметтері үшін алдын ала төлем жасауды талап етеді.
БЖЗҚ-да біржолғы зейнетақы төлемдері делдалдарсыз және комиссиясыз жүзеге асырылатынын баса айтты.
Күмәнді схемаларға қатысуға келісе отырып, сіз тек ақшаңыздан айырылып қана қоймай, сонымен қатар жеке деректеріңіздің сақталуына қауіп төндіресіз, - деп ескертті БЖЗҚ баспасөз қызметі.
Ведомство зейнетақы жинақтарын алу Әлеуметтік кодексте қарастырылған жағдайларда ғана мүмкін болатынын еске салды.
Оларға зейнеткерлік жасқа толу, I немесе II топтағы мүгедектік, тұрақты тұруға (ТТЖ) шетелге кету және мұрагерлік жатады.
Бұдан бөлек, жинақтары ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын салымшылар, сондай-ақ зейнеткерлердің жекелеген санаттары мен аннуитет иелері жинақтарын тұрғын үйге немесе емделуге пайдалана алады.
Бұл ретте мұндай төлемдерді рәсімдеу тек екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Бұл процесте делдалдардың қызметі қажет емес.
БЖЗҚ азаматтарды мұндай ұсыныстарды елемеуге және ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.
Мәліметтерді тексеру және кеңес алу үшін enpf.kz сайты, қордың мобильді қосымшасы, сондай-ақ 1418 call-орталығының нөмірі немесе БЖЗҚ-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары бар.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар БЖЗҚ-дан ақша алуды күрт азайтқанын хабарладық.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы неге азайып қалғаны белгілі болды
Зейнетақы жинағын алу шегі өзгереді
Қазақстандықтарға қосымша өмірлік зейнетақы төленеді: 5,8 млн адамның шотына 951 млрд теңге түсті