«Астанаға бала-шағамды асыраймын деп келдім». Cәбиді құтқарған Сәбит

13 Мамыр 2022, 10:02
2933
Бөлісу:
«Астанаға бала-шағамды асыраймын деп келдім». Cәбиді құтқарған Сәбит
PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше күннен бері БАҚ және түрлі әлеуметтік желілер үш жасар сәбиді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың ерлігі жайында жарыса жазып жатыр.

Бүгінгі күннің батыры Сәбит Шонтақбаевтың қайсарлығы бүкіл қазақстандықтың жүрегінен орын алғаны сөзсіз. Ол редакциямызға берген сұхбатында оқиғаның мән-жайын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Қарапайым құрылысшыдан батыр Сәбитке айналды

36 жастағы Сәбит Шонтақбаев Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тумасы. Ата-анасы ауылда тұрады.

Елордаға Қызылордадан осыдан 15 күн бұрын, яғни 26 сәуір күні келдім. Бас қалаға келген бойда жұмыс іздеп, құрылысқа қарапайым жұмысшы болып орналастым. Жұмысқа жетуге ыңғайлы болуы үшін сол жағалаудан, «Камал-2» тұрғын үй кешенінен пәтер жалдадым, - дейді ол.

Сәбит Қызылордада жүрген кезінде әр түрлі жұмыс істеген. Мысалы, машина жөндеу, құрылыс және т.б. Негізгі мамандығы - теміржолшы.

Ол 11 мамыр күні болған оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Оны қазір көз алдыма елестете де алмаймын. Бәрі аяқ астынан, ойламаған жерден болды. Жұмысқа барарда күнде осы тұрғын үйдің қасынан өтеміз. 11 мамыр күні де осылай жұмысқа бара жатқанда адамдардың шулап жатқанын байқадық. Сөйтіп ойланбастан баланы құтқаруға кірістік. Терезеде салбырап тұрған балақайдың үйі жабық болғандықтан, төменгі 7-қабаттағы пәтерге кіріп, терезесінен шығып, баланы құтқардық, - дейді отандасымыз.

«Ерлік жасау туралы ойламадық»

Сәбит Шонтақбаев әлеуметтік желілерде тарап кеткен видеоны көргенін айтты.

Біз ерлік жасаймыз деп ойлаған жоқпыз. Бар ойымыз баланы құтқару болды. Бір-біріне қолдау, көмек көрсету әр адамның борышы деп есептеймін. Біз баланы «баспаналы боламыз» немесе «алғыс аламыз» деп құтқарған жоқпыз. Барлығы ойламаған жерден болды, - дейді ол.

Сәбиді құтқарған Сәбиттің өмірі қалай өзгерді?

Ол 3 жасар сәбидің өмірін аман алып қалғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтып берді.

«Астанаға бала-шағамды асыраймын деп келдім». Cәбиді құтқарған Сәбит

Өмірім бірқалыпты. Бірақ осы оқиғадан кейін қайырымды жандар баспана сыйлады. Жан-жақтан марапаттар беріп, Алғыс хаттар табыстап жатыр. Онымен қоса, ТЖ бірінші вице-министрі генерал-майор Ибрагим Күлшімбаев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады, - дейді батыр.

«Астанаға бала-шағамды асыраймын деп келдім». Cәбиді құтқарған Сәбит

Сонымен қатар Bilimland жобасының ұжымы да Сәбит пен Сағиды қонаққа шақырып, балаларына кітаптар, ойыншықтар және сабаққа дайындалу үшін 2 планшет сыйға тартты.

Кішкентай қыздың анасы хабарласып, алғысын айтты. Бірақ әлі бетпе-бет кездесіп үлгермедік, - дейді Сәбит Шонтақбаев.

«Астанаға бала-шағамды асыраймын деп келдім»

4 баланың әкесімін. Қазір отбасым, яғни бала-шағам және жарым Қызылордада. Үлкенім 13 жаста, ал кішіміз 3 жаста. Қазір олар сол жақта жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Баланы құтқарған кезде құлап кетпеуім үшін аяғымнан ұстап тұрған Сағи есімді жігіт Қызылордада жүргенімде осында жұмысқа шақырған болатын. Сөйтіп Сағи арқылы осы жұмысқа кірдім. Ол өзі менің алдымда осы жұмысқа тұрған, - деп айтты ол.

«Астанаға бала-шағамды асыраймын деп келдім». Cәбиді құтқарған Сәбит

Ол астанаға қандай мақсатпен келгеніне тоқталды.

Астанаға жұмыс істеп, ақша тауып, бала-шағамды асыраймын деп келдім. Кеше қала әкімі Алтай мырзамен кездескенде мамандығым бойынша жұмысқа орналасуға көмек беретіндерін айтты. Енді бұйырса мамандығым бойынша жұмысқа кіргелі жатырмын, - дейді қызылордалық.

«Балаларым «астанаға көшетін болдық» деп қуанып жүр»

Астанадан 3 бөлмелі пәтер берді. Осы оқу жылы аяқталғаннан кейін отбасымда Нұр-Сұлтанға көшіріп алып келемін. Баланы құтқарып алған видеомызды көрген балаларым да қуанып жатыр. Қазір балаларым «астанаға көшетін болдық» деп те қуанып жүр. Жалпы ештеңеге мойымау керек, қайратты, жігерлі болуға тырысу қажет, - деп есептейді Сәбит Шонтақбаев.

Сәбиттің отбасына көмек көрсетіледі

Айта кетейік, оқиға болған күні батыр Сәбит Шонтақбаев қала әкімі Алтай Көлгіновтың қабылдауында болды. Қала басшысы оның мамандық бойынша жұмысқа орналасуына және отбасын елордаға көшіріп әкелуге көмектесуге уәде берді.

«Астанаға бала-шағамды асыраймын деп келдім». Cәбиді құтқарған Сәбит

Бүгін өз өмірін қатерге тіге отырып, 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың ерлікке пара-пар қадамына куә болдық. Ол елордаға осы жылдың мамыр айының басында Қызылордадан келген. Сәбитке осындай сәтте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айттым. Өз тарапымыздан Сәбиттің отбасына тиісті көмек көрсетеміз. Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының («Локомотив құрастыру зауыты» АҚ) директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы. Бұл салада тәжірибесі бар, - деп айтты Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар батырдың отбасы жақын арада елордаға қоныс аударады.

Сол сияқты бүкіл отбасын елордамызға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасадым. Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайын жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады, - деп жазды қала әкімі.

Өзгелердің жаңалығы