Елордада кішкентай қызды құтқарған жігітке үш бөлмелі пәтер берілді

11 Мамыр 2022, 23:45
1934
Бөлісу:
Елордада кішкентай қызды құтқарған жігітке үш бөлмелі пәтер берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 8-қабаттан құлағалы тұрған бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевқа бірнеше сыйлық пен марапат берілуде.

Бірінші болып бүгін Төтенше жағдайлар министрлігі «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Кейін қала әкімі Алтай Көлгініов арнайы қабылдап, әкімдік тарапынан бірнеше көмек көрсетуге уәде берді.

Өз тарапымыздан Сәбиттің отбасына тиісті көмек көрсетеміз. Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы. Бұл салада тәжірибесі бар. Сол сияқты бүкіл отбасын елордамызға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасадым. Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайын жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз. Қала тұрғындарын сақтық шараларын толықтай сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырамын,– деді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ "G-park" құрылыс компаниясы мен Ғабит Сатмағамбетов қайырымдылық қоры Рио да Жанейро тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер сыйлау туралы шешім қабылдапты.

Бұл ақпаратты қайырымдылық қорының жетекшісі Айнұр Оспан растады.

Көпбалалы әкенің балаларынан жырақта - астанада құрылыста жұмыс істеп жүргенін естіген қарапайым халық оның отбасымен бірге тұруы үшін баспана сыйлау мақсатында ақша жинауды бастап кеткен еді. 

Өзгелердің жаңалығы