Қаржы пирамидасының тағы бір басшысы ұсталды

11 Наурыз 2020, 23:19
1450
Бөлісу:
Қаржы пирамидасының тағы бір басшысы ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан полициясының сұратуымен Қырғызстан Республикасында "ЕSTATE Ломбард" ЖШС директоры Әсет Ысқақов ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қаржы пирамидасының жетекшісі Әсет Ысқақов шекараны биылғы ақпан айында кесіп өтіп, Бішкек қаласында жасырынып жүрген.

Қазақстан және Қырғызстан полицейлерінің бірлескен іс-қимылының арқасында іздеудегі Ысқақов көрші елден ұсталып, Бішкек қаласының уақытша ұстау абақтысына жеткізілді. Қырғыз Республикасының құзырлы органдарына оны экстрадициялау жөнінде материалдар жіберілді. Осылайша, елден қашып кеткен барлық үш компанияның басшылары бүгінгі күні қамауға алынды. Полицейлердің жедел-тергеу шараларының нәтижесінде 17 күдікті ұсталды. Ішкі істер органы 42 мыңнан астам қазақстандықтың мүлкі мен ақша қаражатын алаяқтық жолмен иемденген "Гарант 24 Ломбард" ЖШС, "ЕSTATE Ломбард" ЖШС және "Тиімді займ" ЖШС қаржы пирамидаларының басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда, - делінген мәліметте.

 Бұған дейін 27 ақпан күні ҚР ІІМ сұратуы бойынша Кишинев қаласында (Молдова Республикасы) тәртіп сақшылары "Гарант 24 Ломбард" ЖШС негізін қалаған Аслан Мырзабековті ұстады.

Ал 28 ақпанда Қазақстан мен Ресей шекарасында "Тиімді займ" ЖШС негізін қалаған Жанболат Есіркепов қолға түскен.


Өзгелердің жаңалығы