Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бетперде киген ер адам Қарағанды облысы Абай қаласындағы дүкенді тонамақ болған. Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияда хабарлағандай, Абай қаласында 6 қаңтар күні сағат 22:00 шамасында бетперде киген белгісіз адам, 27 жастағы сатушыны пышақпен қорқытып, дүкеннің кассасындағы ақшаны алып кетпек болғанын.
Қылмысты ашу үшін Абай ауданының полиция қызметкерлері түгелдей жұмылдырылған. Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстау үшін барлық көшелер мен аулаларды қарап шыққан. Олар іздестіру шаралары аясында 27 жастағы қала тұрғынын ұстаған. Одан пышақ пен қара бетперде табылған. Ол өз кінәсін мойындап отыр.
Аталған іс бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.