Ақтөбе облысы Полиция департаментінің CyberPol бөлімшесінің қызметкерлері заңсыз микрокредит рәсімдеуге байланысты интернет-алаяқтық фактісін ашты.
Полицияға Ақтөбе облысының тұрғыны жүгініп, алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлаған. Оның айтуынша, ол Instagram әлеуметтік желісінде 1 миллион теңге көлемінде несие алуға көмектесу туралы жарнаманы көріп, көрсетілген сілтеме арқылы өткен.
Одан әрі WhatsApp мессенджері арқылы хат алмасу барысында белгісіз адам несие рәсімдеуге көмектесетінін айтып, жәбірленушіден жеке деректерін, жеке куәлігінің фотосуретін, жеке басын растау үшін өз фотосын және SMS арқылы келген растау кодын жіберуді сұраған.
Қажетті мәліметтерді алғаннан кейін күдікті байланысқа шықпай қойған. Бір айдан соң жәбірленуші өзінің атына микроқаржы ұйымдарының бірінен рәсімделген несие бойынша ай сайынғы төлем жасау қажеттігі туралы хабарлама алған. Келтірілген шығын көлемі 260 мың теңгені құрады. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол Ақтау қаласының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте интернет-алаяқтар тобы ұсталды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Оқушылар қауіпті сайттарға кірген: Абай облысында 8 мектептің директоры жауапқа тартылды
Арзан үй алып беремін деп 30 миллион теңге жинаған қостанайлық әйел жауапқа тартылды
«Грантқа түсіремін»: Астанада 100-ден астам адамды алдаған алаяқ сотталды