Қазақстанда міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар өзгеріссіз сақталады. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесі зайырлы сипатта жүзеге асырылады.
Мектеп формасын кім бекітеді?
Мектеп формасының үлгісін әрбір білім беру ұйымы өз бетінше анықтайды. Бұл шешім қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептің өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен қабылданып, жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.
Егер мектеп формасына өзгеріс енгізілсе, ол да осы кеңестердің келісімі арқылы жүзеге асырылады.
Ата-аналар форманы қайдан сатып алады?
Ата-аналар мектеп формасын кез келген дүкеннен сатып алып, өндірушіні өздері таңдай алады.
Министрлік білім беру ұйымдарына белгілі бір өндірушіні немесе сатушыны ұсынуға не артықшылық беруге жол берілмейтінін ескертті.
Мектеп формасына қандай талап қойылады?
Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық киімнен тұрады.
Форманы таңдауда оқушылардың жас ерекшелігі, климаттық жағдай, оқу ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі.
Сондай-ақ мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін әшекейлер мен аксессуарлар болмауы тиіс. Ал мектептің ішкі тәртібіне сәйкес оқу ғимараты ішінде бас киіммен жүруге рұқсат етілмейді.
Әлеуметтік осал отбасыларға қандай қолдау көрсетіледі?
Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына мектеп формасын, аяқ киімді және оқу құралдарын сатып алуға материалдық көмек беріледі.
2026-2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге бөлінген.
Оқу-ағарту министрлігі «Білім туралы» заңға сәйкес ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген талаптарды және міндетті мектеп формасына қойылатын қағидаларды сақтауға міндетті екенін еске салды.
Еске салсақ, мектеп формасына қатысты маңызды мәлімдеме жарияланды. Оны белгілі бір дүкеннен сатып алуға ешкім мәжбүрлей алмайды.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетеді?