Украинаның ұшқышсыз ұшу аппараттары 7 тамыз, жұма күні таңертең Екатеринбургтегі Wildberries компаниясының қоймасына соққы жасады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Компания мәліметінше, шабуылдан кейін логистикалық орталықта өрт шыққан. Қойма қызметкерлері алдын ала эвакуацияланып, жеткізілімдер басқа қоймаларға бағытталған.
Свердлов облысының губернаторы Денис Паслердің айтуынша, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері сегіз ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсірген. Алайда олардың үшеуі қойманың шатырына құлаған. Оның сөзінше, шабуыл салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Ал Ресей президентінің Уральк федералдық округіндегі өкілетті өкілі Артем Жога қоймадан 800 адамның эвакуацияланғанын нақтылады.
Бұл – соңғы екі апта ішінде Украина Қарулы күштерінің Екатеринбургтегі Wildberries логистикалық орталығына жасаған екінші шабуылы. Бұған дейін 25 шілдеде ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін қойма жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Сол кезде соққы қойма маңындағы автотұраққа тиген.
Ресми мәлімет бойынша, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Өңір басшысы дрон сынықтарының автотұраққа құлауы салдарынан шамамен 300 шаршы метр аумақта тұрған автокөліктердің өртенгенін хабарлаған.
Екатеринбургтегі Wildberries қоймасы маркетплейстің ең ірі логистикалық орталықтарының бірі саналады. Оның жалпы аумағы шамамен 150 мың шаршы метрді құрайды. Компания мәліметінше, мұнда тәулігіне 3 миллионға дейін тауар өңделеді, ал қойма кешенінің сыйымдылығы 120 миллионға дейін тауарды сақтауға мүмкіндік береді.
Дрон шабуылдарынан кейін Wildberries-тің кемінде 14 қоймасы өртеніп кетті
2026 жылғы 18 шілдеден бері Украина Қарулы күштері Wildberries компаниясының қоймаларына дрондармен шабуыл жасап келеді. «Верстка» басылымының есебінше, тамыз айының басына қарай шабуылға ұшыраған қоймалардың жалпы аумағы 1,5 миллион шаршы метрден асып, компанияның барлық қойма сыйымдылығының шамамен 27%-ын құраған.
Шабуылдар Санкт-Петербург, Тула, Электросталь, Краснодар және Невинномысск қалаларындағы 20-дан астам логистикалық орталыққа жасалған. Олардың кемінде 14-і өртеніп кеткен.
The Bell басылымының дереккөздерінің бағалауынша, Wildberries компаниясының тікелей шығыны 100-200 млрд рубльден асуы мүмкін. Сонымен қатар көптеген сатушылар тауарлары мен бизнесінен айырылғандықтан, компанияның айналымы шамамен төрттен бірге қысқарған.
Еске салайық, Wildberries қоймаларына жасалған шабуыл салдарынан Қазақстандық кәсіпкерлер миллиардтаған теңге шығынға батты.
Сондай-ақ, Wildberries қоймаларын Қазақстанға ауыстыра ма деген сауалға Сауда министрлігі жауап берген еді.