АҚШ пен Иран арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің екінші кезеңі қарсаңында жағдай күрделене түсті. Тегеран ресми түрде қатысатынын мәлімдемегенімен, БАҚ деректеріне сәйкес, Иранның жоғарғы жетекшілігі келіссөздерге рұқсат берген.
Иран әзірге соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге қатысатынын ресми түрде растаған жоқ. Алайда бірқатар шетелдік БАҚ деректеріне сүйенсек, Ислам Республикасының жоғарғы көшбасшысынан келісім алынған.
Америкалық Axios басылымының хабарлауынша, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Пәкістан астанасына барып, Иранмен ықтимал бітім жөнінде келіссөз жүргізуі мүмкін.
Басылым дерегінше, Ақ үй дүйсенбі күні бойы Тегераннан келіссөздерге делегация жіберетіні туралы белгі күткен. Алайда Иран тарапы шешімді созып отыр. Бұған ел ішіндегі Корпус стражей исламской революции қысымы әсер етіп отырғаны айтылады. Олар Ормуз бұғазына қатысты америкалық блокада тоқтатылмайынша, келіссөзге бармауды талап еткен.
Axios мәліметінше, ирандық келіссөз тобы жоғарғы жетекшінің рұқсатын күткен. Бұл рұқсат дүйсенбі кешінде берілген.
Reuters агенттігінің ирандық дереккөзі де Тегеран келіссөздерге қатысу мүмкіндігін қарастырып жатқанын, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын хабарлаған.
Пәкістандағы дереккөздер атысты тоқтату режимінің мерзімі сейсенбі күні АҚШ-тың шығыс уақытымен 20:00-де (Гринвич бойынша түнгі 00:00) аяқталатынын айтқан.
Ал Дональд Трамп келісім мерзімін іс жүзінде бір күнге ұзартқан. Ол бастапқыда белгіленген мерзім сейсенбіде аяқталатынын айтқанымен, кейін соңғы мерзімді сәрсенбі кешіне дейін жылжытты.
Дереккөздердің мәліметінше, Вэнс Пәкістанға сейсенбі таңертең немесе дүйсенбі кешінде ұшып кетуі мүмкін. Қазір ол АҚШ-та. Америкалық делегация жақын арада Исламабадқа аттануды жоспарлап отыр.
CNN деректеріне сәйкес, келіссөздердің екінші кезеңі 22 сәуірге жоспарланған. Алайда тараптардың өзара қатаң мәлімдемелері жағдайды тұрақсыз күйде ұстап отыр. Ақ үй нақты мерзім әлі бекітілмегенін хабарлады.
Трамп бұған дейін New York Post басылымына берген сұхбатында Вэнстің келіссөздерге қатысатынын мәлімдеген. Ал алғашқы кезеңде (11-12 сәуір) америкалық делегацияны өзі басқарған. Келіссөздерге сондай-ақ Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің қатысуы мүмкін.
Келіссөздер дәл атысты тоқтату келісімінің мерзімі аяқталар тұста өтпек. Бұған дейін Трамп келісімге қол жеткізілмесе, Ирандағы көпірлер мен электр станцияларына соққы беруі мүмкін екенін ескерткен.
Сарапшылар қысқа мерзімде толыққанды келісімге келу қиын екенін айтады. Дегенмен, ілгерілеу байқалса, АҚШ келісім мерзімін ұзартуы мүмкін. Трамптың өзі Truth Social желісінде Иранмен мәміле «салыстырмалы түрде тез» жасалатынын жазған.
Пәкістан, Мысыр және Түркия келіссөздерге арағайындық жасап, Иранды екінші кезеңге қатысуға шақырған.
Алайда жағдай күрделене түсті. АҚШ Иранның сауда кемесін тәркілегенін мәлімдеді. Ал Тегеран әскери жауап беретінін ескертті.
Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Бағаи Вашингтонды «дипломатиялық процеске салғырт қарады» деп айыптады. Оның айтуынша, АҚШ «негізсіз әрі шынайылыққа жанаспайтын талаптарды» алға тартып отыр.
Reuters дерегінше, Иранның жоғары лауазымды өкілі елдің қорғаныс қабілеті, соның ішінде зымыран бағдарламасы келіссөз тақырыбына жатпайтынын мәлімдеген.
Пәкістан қауіпсіздік қызметіндегі дереккөз негізгі делдал – ел армиясының басшысы Асим Мунир екенін айтады. Ол Трамппен сөйлесу барысында Ормуз бұғазына қатысты америкалық блокаданы келіссөздерге басты кедергі деп атаған. Трамп бұл мәселеге құлақ асуға уәде берген.
Дегенмен, АҚШ президенті блокаданы тоқтатуға асығар емес. Ол:
Келісімге қол жеткізілгенге дейін блокада сақталады. Қазірдің өзінде Иран күніне 500 млн доллар жоғалтып отыр, – деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Иран екі айға жуық уақыт бойы әлемдік мұнай тасымалының шамамен бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазын ішінара жауып отыр. Бұл жағдай әлемдік энергия нарығында бағаның күрт өсуіне әсер етті.
Сенбі күні бұғаз қысқа уақытқа ашылғанымен, кейін қайта жабылды. Тегеран АҚШ өз порттарына енгізген шектеулерді алып тастамайынша, бұғазды ашпайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін IRNA АҚШ-пен келіссөздердің екінші кезеңі туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.