Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путин атына ашық хат жариялап, соғысты тоқтатуға және тікелей келіссөздер өткізуге шақырды.
Хатта Зеленский Путинмен жеке кездесу өткізіп, соғысты аяқтау үшін нақты күн белгілеуді ұсынған. Оның айтуынша, қазіргі таңда АҚШ-тың назары Ирандағы жағдайға ауып отырғандықтан, соғысты екіжақты форматта аяқтау мәселесін кейінге қалдырмау қажет.
Таңдау қазір сіздің қолыңызда. Соғысқа нүкте қоятын уақыт келді. Украина бұл соғысты аяқтауды ұсынады. Мұны адал әрі лайықты түрде жасап, жаңа қақтығыстың алдын алу керек, – деп жазды Зеленский.
Украина басшысы қазіргі майдан шебі дипломатиялық үдерістің басталу нүктесіне айналуы тиіс екенін айтып, келіссөздер кезеңінде атысты уақытша тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ ол бейбіт келіссөздерді өткізуге Швейцария, Түркия және араб елдері секілді мемлекеттердің алаң бола алатынын атап өтті.
Зеленскийдің пікірінше, әскери тұтқындарды «барлығын – барлығына» қағидаты бойынша алмастыру соғысты аяқтауға бастайтын маңызды қадам болуы мүмкін.
Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Зеленскийдің хаты Ресейге дипломатиялық арналар арқылы жолданатынын хабарлады. Мәскеу хаттың алынғанын растаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп тараптардың кездесу мүмкіндігін талқылап жатқанын құптап, мұндай кездесудің өтуін қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Вашингтон бұл диалогтың басталуына елеулі күш жұмсаған.
Бұған дейін де Зеленский соғысты аяқтау мақсатында Путинмен тікелей келіссөз жүргізуге дайын екенін айтқан болатын.