«Иттің үйшігінде ұйықтап, тезек араласқан нан жеген»: Балаларды қорлағандар сотталды

Алты баланы қорлаған ерлі-зайыптылар мен олардың қызына үкім шықты.

 ©BAQ.KZ архиві/ЖИ Бүгiн 2026, 16:45
Бүгiн 2026, 16:45
253
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ

Қарағандыда қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық іске нүкте қойылды. Сот Қарқаралы ауданынан келген ерлі-зайыптыларды және олардың қызын патронаттық тәрбиедегі алты баланы жүйелі түрде қорлағаны үшін кінәлі деп таныды.

Сотта ерлі-зайыпты Г. мен Д., сондай-ақ олардың қызы Б. кәмелетке толмағандарға қатыгездік көрсеткені, тәрбиеленушілердің бірінің денсаулығына ауыр зиян келтіргені және басқа да қылмыстары үшін кінәлі деп танылды. 

Сот не анықтады?

Іс материалдарынан белгілі болғандай, 2018 жылы ерлі-зайыптылар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған алты баланы ресми түрде патронаттық тәрбиеге алған. Әңгіме 2008, 2009, 2011 және 2014 жылы туған кәмелетке толмаған балалар туралы болып отыр.

Соттың мәліметінше, 2018-2023 жылдар аралығында балалар жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырап келген. Тергеу мен сот тәрбиешілердің балаларды ұрып-соғып, оларға қатыгездік көрсетудің түрлі әдістерін қолданғанын анықтады. Тәрбиеленушілердің бірі денсаулығына ауыр зиян келіп, ауруханаға түскен.

«Иттің үйшігінде ұйықтап, тезек араласқан нан жеген»

Айыптау нұсқасы бойынша, балаларды үй шаруашылығындағы ауыр жұмыстарды істеуге, мал бағуға мәжбүрлеген. Кішігірім қателіктері үшін аяусыз ұрып-соғып, тамақтарын шектеп отырған. Іс материалдарында кәмелетке толмаған балаларды тезек араласқан нан жеуге, иттің үйшігінде ұйықтауға мәжбүрлегені, сондай-ақ оларды басқа да қорлықтар мен физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыратқаны туралы деректер келтірілген.

Дәрігерлер жәбірленушілердің бірінің денесінен 19 шрам (тыртық), екіншісінен 47 шрам тапқан. Жасөспірімдердің бірі өзін кілемге орап алып, есінен танғанша үстінен секіргендерін айтып берді. Кейіннен зардап шеккен балаға бірнеше ота жасау қажет болған, ал соңында оған мүгедектік тағайындалған.

Сонымен қатар, істі қарау барысында балаларды қорлауға патронаттық тәрбиешілердің туған қызының да қатысы бар екені белгілі болды. Қылмыс жасалған кезде ол кәмелетке толмаған. Соттың дерегінше, бойжеткен жәбірленушілерді қолымен және түрлі заттармен, соның ішінде күрек сабымен, оқтаумен, еден жуатын ағашпен (швабра), көсеумен және басқа да тұрмыстық заттармен ұрып, дене жарақатын салған.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің түсініктемелерімен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Балаларды асырауға бөлінген ақшаға қатысты эпизод

Сот алаяқтық бабы бойынша тағылған айыпты да қарады. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы Г. патронаттық тәрбиеші ретінде балаларды бағып-қағуға мемлекеттен төленетін жәрдемақыны алып отырған, алайда бұл қаражаттың бір бөлігін мақсатсыз пайдаланған. Ақшаның, соның ішінде құмар ойындарға жұмсалғаны анықталды.

Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 6,26 миллион теңгені құрады.

Сот қандай жаза тағайындады?

Карағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға нақты бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Сот ерлі-зайыптылардың асырауында екі кішкентай баласының болуын жауаптылықты жеңілдететін мән-жай деп таныды. Осы ретте, балаларды тәрбиелеуге беру аясында мемлекет тарапынан көрсетілген сенімді теріс пайдалана отырып қылмыс жасау – жауаптылықты ауырлататын мән-жай деп есептелді.

Сотталушылардың қызы үшін қылмыс жасаған кезде кәмелетке толмаған жаста болуы жазаны жеңілдететін жағдай ретінде ескерілді.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот мынадай жаза тағайындады:

  • Г. – 12 жылға бас бостандығынан айырылды;

  • Д. – 10 жылға бас бостандығынан айырылды;

  • Б. – 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Бұдан бөлек, сот ерлі-зайыптыларға жәбірленуші алты баланың әрқайсысына бірлесіп 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын төлеуді міндеттеді.

Сондай-ақ, сотталушы Г.-дан мемлекет пайдасына 6 264 256 теңге шығын өндірілді.

Сот жеке қаулы шығарды

Сот "Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының білім бөлімі" ММ атына жеке қаулы шығарды.
 
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
 
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында ер адам асыранды баласын өлтірді деген күдікпен ұсталды.
 
Тағы оқи отырыңыздар: 
 
 
 
Наверх