Қазақстанда зейнетақы төлемдерін қосымша индекстеу мәселесі қазіргі таңда күн тәртібіне шығарылмағаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Сенаттың кулуарында берген сұхбатында мәлімдеді.
Вице-министрдің сөзінше, зейнетақы төлемдерінің мөлшері жыл сайын белгіленген тәртіппен қайта қаралады. Бұл ретте индекстеу әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көрсетілген инфляция деңгейіне сәйкес жүргізіледі.
Барлық зейнетақы төлемдері жыл сайын әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес индекстеледі. Бұл құжатта инфляция өсімінің орташа болжамды деңгейі айқындалады. Ал қосымша индекстеу жекелеген кезеңдерде және тек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады, – деді Виктория Шегай.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қосымша индекстеу мәселесін қарастыру жоспарда жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін сотталған аналар мен әкелерге жеңілдік берілетіні айтылды.
Сондай-ақ, әскерилердің зейнетақы алу шарттары өзгергені хабарланды.