Ұшақ апаты: Көлгінов қаза тапқандардың отбасыларымен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастырды, деп хабарлады елорда әкімінің баспасөз хатшысы өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Елорда әкімі Алматы қаласының маңында болған ұшақ апатынан қаза тапқан жандардың отбасыларымен кездесті. Алтай Көлгінов Дана Круглова мен Арман Исинаның отбасыларына көңіл айтты. Қала әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастырды. Қаза тапқандардың туысқандары мен жақындарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, - деп жазды Ақмарал Олжабаева.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңге ақшалай көмек көрсетіледі. Дана Круглова және Арман Исинамен қоштасу рәсімі бүгін сағат 10-да өтеді.
Айта кетейік, Алматыдан шыққан Bek Air жолаушылар ұшағы құлаған еді. Ұшақ Қызыл ту ауылында апатқа ұшыраған. 7 адам қаза тапты. Ұшақ апатына байланысты шұғыл телефон желісі ашылды. Тоқаев ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.
Сондай-ақ, зардап шеккендерге барлық топтағы қан керегі де хабарланды. Кейіннен, зардап шеккендер мен бортта болған жолаушылар тізімі жарияланды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.
Ауруханада тағы бір адам көз жұмып, қаза тапқандардың саны 15 адамға жетіп отыр.
Сол апатта Informburo.kz редакторы Дана Круглова қайтыс болды.
Болған жағдайға байланысты Bek Аir авиакомпаниясының лицензиясы тоқтатылды.
Мемлекет басшысының бұйрығымен 28 желтоқсан еліміз бойынша қаралы күн деп жарияланды.
Бұдан бөлек, ұшақ бортындағы экипаждардың есімдері белгілі болды. Бүгін Fokker компаниясы Bek Air ұшағының құлау себептерін анықтау мақсатында Алматыға мамандарды жіберетіні айтылды.
ҚР ІІМ арнайы тексеру жүргізіп жатқандығын хабарлады. Үкімет басшысы Асқар Мамин де ұшақ апатының себебін 10 қаңтарды жариялауды тапсырған болатын.
Қазір зардап шеккендерге көмек үшін арнайы шот ашылды.