Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 71-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі қолданыстағы Ата заңымызда Конституциялық Кеңестің, ал референдумнан кейін Конституциялық Соттың міндеттері мен құқықтарын айқындайтын VI бөлімдегі 4 баптың төртеуі де жаңа редакциямен ұсынылды.

Конституциялық кеңестен Конституциялық сот болып өзгерген бөлімде айтарлықтай өзгерістер бар. Атап айтар болсақ, 71-баптың бірінші тармағынан бастап өзгергенін анық көруге болады. Бұған дейінгі, яғни қазіргі қолданыстағы Ата заңда 71-баптың 1-тармағы бойынша еліміздің экс-президенттері өмір бойы Конституциялық кеңестің мүшесі болатын еді. Енді олай болмайды. 

Сонымен қатар, бұрын Конституциялық кеңесте 7 мүше болса, енді 11 мүше болады. Бұның өзі сот жұмысының қаншалықты күрделі болатынын көрсетеді. 

Тағы бір атап өтер маңызды өзгеріс – бір адамның екі реттен артық Конституциялық сотқа мүше бола алмайтыны анық жазылды. Қазіргі қолданыстағы Конституцияда бұл туралы айтылмаған болатын.

Аталған баптың 2-тармағына енгізілген өзгерісте айрықша атап өтуге тұрарлық. Бұған дейін Конституциялық кеңестің төрағасын тек Президент тағайындап келсе, енді Конституциялық соттың төрағасын Сенаттың келісімімен ғана тағайындай алады. 

3-тармаққа енгізілген өзгерту бойынша, Конституциялық соттың 4 мүшесін – Президент, 3 мүшесін – Сенат, 3 мүшесін – Мәжіліс тағайындайды. 

Бұған дейін екі рет түсіндірме беріліп, бір рет өзгертуге ұшыраған 71-бапта тағы қандай өзгерістер барын төменнен толығырақ оқуларыңызға болады.

Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

71-бап

Жаңа нұсқада: 71-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«71-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты төрағаны қоса алғанда, он бір судьядан тұрады, олардың өкілеттігі алты жылға созылады.

Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып қатарынан екі реттен артық тағайындала алмайды.

2. Конституциялық Соттың Төрағасын Парламент Сенатының келісімімен Республиканың Президенті тағайындайды.

3. Конституциялық Соттың төрт судьясын – Республика Президенті, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын тиісінше Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.

Республика Президенті Конституциялық Сот төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот судьяларының арасынан тағайындайды.

4. Конституциялық Соттың судьясы қызметі депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтен басқа, өзге де ақы төленетін қызметтерді атқарумен, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.

5. Конституциялық Соттың судьяларын өздерінің өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Парламенттің келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

6. Конституциялық Соттың ұйымдастырылуы мен қызметі конституциялық заңмен реттеледі.

Ескі нұсқада: 71-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі жеті мүшеден тұрады, олардың өкілеттігі алты жылға созылады. Республиканың экс-Президенттері құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестің мүшелері болып табылады.

2. Конституциялық Кеңестің Төрағасын Республиканың Президенті тағайындайды және дауыс тең бөлінген жағдайда оның даусы шешуші болып табылады.

3. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін - Республика Президенті, екі-екі мүшеден тиісінше Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.

Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады.

4. Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшесінің қызметі депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқарумен, кәсіпкерлікпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.

5. Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерін өздерінің өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Парламенттің келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

6. Конституциялық Кеңестің ұйымдастырылуы мен қызметі конституциялық заңмен реттеледі.

Ескерту. 71-баптың 5-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30 N 10 қаулысымен, 71-бабы 3-тармағы екінші абзацына ресми түсіндіру берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.03.16 № 3 нормативтік қаулысымен. 71-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап, 50-бап, 51-бап, 52-бап, 53-бап, 54-бап, 55-бап, 56-бап, 57-бап, 58-бап, 61-бап, 62-бап.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы