Қазақстандықтар ЕАЭО туралы не біледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың 21 мамыры күні Нұр-Сұлтан қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысы өтті.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының баспасөз қызметі қазақстандықтардың ЕАЭО және еліміздің осы ұйымдағы рөліне қатысты не білетіндігі туралы әлеуметтанушылық сауалнама нәтижелерін ұсынды.

Экономиканың дамуы және қатысушы елдер нарықтарының кеңеюі 1995 жылы Кеден одағының (жаңа нұсқа бойынша ЕАЭО - Еуразиялық экономикалық одақ) құрылуына себеп болды. ЕАЭО туралы шартқа Ресей, Беларусь және Қазақстан президенттері 2014 жылдың 29 мамырында Астанада қол қойды және ол шарт 2015 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді. Одақтың құрамында 5 мүше-мемлекет бар: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей өз шекаралары арқылы өнімнің импорты мен экспортының жалпы қағидаларын қабылдаған және қол қойылған халықаралық келісімдердің бірқатар шартын сақтайды. ЕАЭО елдері аумағының ауданы – 20 млн шаршы шақырымнан астам (әлемдік құрлықтың 14%), ЕАЭО елдері халқының саны 2020 жылдың басындағы мәлімет бойынша 184,26 млн адамды құрайды.

Әлеуметтанушылық сауалнама нәтижелеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқан барлық қазақстандықтың жартысынан астамы (62,9%) Қазақстанның ЕАЭО қатысуына оң көзқараспен қарайды. Респонденттердің 7,1% мұндай қатысуға үзілді-кесілді қарсы, қалған 4,9% «дәлірегі теріс» жауап нұсқасын таңдады. 


Сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі (84,6%) қатысушы-елдер үшін ЕАЭО әртүрлі жағымды жақтарын атап өтті. Бірінші кезекте, бұл қатысушы-елдер арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды сақтау және кеңейту, сондай-ақ қазақстандық нарықтағы тауарлардың сапасы мен ассортиментін жақсарту. Қазақстандықтар үшін жеке тұлғалар ретінде Қазақстаннан тыс жерлерде жұмыс істеу мүмкіндігі, сондай-ақ қазақстандық бизнесті кеңейту оң мүмкіндік болып табылады. Сондай-ақ қазақстандықтар ЕАЭО-дан еліміз үшін егемендік пен қауіпсіздік кепілдігін көріп отыр. 


2-сурет. ЕАЭО қандай жағымды жақтарын көріп отырсыз? (%-бен)

ЕАЭО төрағалығы 2021 жылдан бастап Қазақстанға өтті, осыған байланысты 2020 жылдың желтоқсанындағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қ.К. Тоқаев еліміздің ЕАЭО төрағалық етуінің басымдықтарын белгіледі, олардың бірі өнеркәсіптік ынтымақтастық, оның ішінде ғарыш, биотехнология, наноиндустрия, фотоника, заманауи құрамдас база, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеудің жаңа технологиялары, экология салаларында ынтымақтастықты дамыту болды.

Біздің елдегі ЖЕЭК отырысының жұмысына сәттілік тілейміз! Қатысушы-елдер қабылдап жатқан ғылыми-техникалық прогрестің озық ұлттық және әлемдік жетістіктерін шоғырландыру мен ғылыми әлеуетті жұмылдыру бойынша жүйелі жұмыс Еуразиялық экономикалық одақтың инновациялық дамуы үшін табыстың кепілі болады деп үміттенеміз. Сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Армения, Белоруссия және Қырғызстанның әрбір тұрғынына ЕАЭО қызметінің оң әсерін толық көлемде сезінуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бүгінгі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда пандемияның ел экономикасының әлсіз тұстарын көрсеткенін, ЕАЭО-дағы сауда кедергілері туралы айтып өтті. Бұдан бөлек ол Өзбекстанмен бірлесіп жатқан жобаның маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ Президент халықтың онлайн-саудаға деген сенімін арттыру маңызды екенін айтты.

Отырысқа қатысқан Елбасы сөз алып, одақ төңірегінде әңгіме қозғады. Ол Еуразиялық одақты қолдамайтын күштер бар екенін атап өтті. Сонымен қатар жақын арада азық-түлік тапшылығы сезілетінін айтты.

Сондай-ақ экономикалық кеңес барысында бірқатар ел президенттері сөз сөйледі. Мәселен Путин Ресей шетелден келетін жұмыс күштеріне барынша жағдай жасайтынын айтса, Беларусь президенті Лукашенко Қазақстанға «ренішін» білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы