Беларусь президенті Лукашенко Қазақстанға «ренжіп» қалыпты

21 Мамыр 2021, 16:20
5905
Бөлісу:
Беларусь президенті Лукашенко Қазақстанға «ренжіп» қалыпты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Беларусь президенті Александр Лукашенко пандемияға байланысты ЕАЭО-ға мүше мемлекет басшыларының офлайн кездесулерінің жоқтығына қынжылысын білдірді. Сонымен қатар бұрын Қазақстан осындай форматтағы жиындарды жиі өткізетінін, ал қазір «мұндай қонақжайлылықты» ұмытқанын айтты.

Құрметті отырысқа қатысушылар! Барлықтарыңызды шын жүректен көргеніме қуаныштымын. Біздің құрметті төрағамыз (Нұрсұлтан Назарбаев - ред.) айтқандай, бір-бірімізді шынымен сағынып қалыппыз. Мен бұрын Қазақстан қонақжай ел деп ойлайтынмын. Өйткені қонаққа шақырып тұратын. Қазір белгілі бір себептермен мемлекет жабық режимде. Біздің вакцина жақсы, халықты үлкен көлемде вакцинациялаймыз деп айтамыз. Бірақ қандай да бір жолмен кездесе алмай жүрміз, - деді Александр Лукашенко.

Осыдан кейін ол президенттерді қазан айында Минскіге шақырды.

Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенкоға «әдеттегідей, есте қалатындай сөз» айтқаны үшін алғысын білдірді.

Мен әріптестеріме қонақжайлылығымызға күмәнданбауға шақырамын. Бұл кездесуді онлайн өткізу туралы шешім консенсуспен қабылданды, сіздер онымен келістіңіздер. Біз ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының денсаулығы мен қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Сондықтан осылай өткізуге мәжбүрміз. Жағдай жеңілдемей тұр, пандемия әлі күнге азайған жоқ, - деді Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін онлайн-форматта – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтіп жатыр. Отырыс барысында Тоқаев ЕАЭО-дағы сауда кедергілері туралы айтты.


Өзгелердің жаңалығы