Пандемия экономиканың әлсіз тұстарын көрсетіп берді – Тоқаев

21 Мамыр 2021, 15:36
3329
Бөлісу:
Пандемия экономиканың әлсіз тұстарын көрсетіп берді – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында айтты.

Президенттің айтуынша, вакцинация мен басқа да жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар еліміздің жағдайын тұрақтандырып, келесі отырысты дәстүрлі форматта өткізуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Пандемиямен күрес кезінде қабылданған шаралар жаһандану процесін үзіп, экономикалық әлемдегі құрылымды өзгертті. Қиын жағдай әлемнің ірі экономикалары арасындағы сауда-экономикалық қақтығыстармен күрделене түседі. Осы ретте әлемдік қоғамдастық неғұрлым күрделі мәселелерге тап болды. Індет денсаулық жүйесінің және жаһандық-әлемдік экономиканың әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Бір жағынан бұл экономиканың жеке салаларына қарқынды дамуға серпіліс берді, - деді Тоқаев.

Оның сөзінше, фармацевтика, медициналық қызмет көрсету, биоинженерлік және цифрлық технологиялар салаларының дамуына септігін тигізді.

Осы жаңа жағдайларда біз неғұрлым өзекті мәселенің тиімді шешімін табуға тиіспіз. Яғни экономикалық дағдарыстың салдарын жеңіп, оны қайта қалпына келтірудің жолын табу қажет, - деп айтты Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, отырыс Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, бақылаушы мемлекет басшылары, Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен өтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы