АҚШ-та ұшақ құлап, 5 адам қаза тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенбі 28 желтоқсан күні АҚШ-тың Луизиана штатында ұшақ апатқа ұшырап, 5-ке жуық адам қаза болды.

Бұл туралы жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасай отырып, BBC News хабарлады.

Ұшақ дәл көшенің ортасына құлаған. Көшеде кетіп бара жатқан 3 адам жарақат алған.

Шетелдік БАҚ-тың мәліметтеріне сүйенсек, ұшақта 6 адам болды, оның біреуі тірі қалған. Алайда, қандай ұшақтың апатқа ұшырағаны белгісіз.

Ұшақ таңғы сағат 9.00 шамасында ұшқаннан кейін құлаған. Синоптиктердің айтуынша, таңертеңнен аталмыш өңірді қалың тұман басып тұрған.

KATC News каналы әуе кемесі жерге құлап жарылған сәтте көршілес ғимараттың әйнектері сынып кеткенін хабарлады. Сонымен қатар, Walmart универсамының қызметкерлері мен келушілері қауіпсіз жерге көшірілгенін де айтты.

Жергілікті тұрғын Кевин Джексон каналдың журналистеріне болған жайтты баяндады.

Мен сол сәтте апат болған жерге өте жақын тұрдым. Ұшып келе жатқан ұшақтың түтіні бұрқырап келе жатқанын көрдім. Ол жерге түскенде, тіпті менің трейлерім қозғалып кетті, - деді ол.
Қайғылы оқиғаның куәгерлері апат болған жерден түсірілген видеоларымен бөлісті.


Айта кетейік, 27 желтоқсанда Алматыдан шыққан Bek Air жолаушылар ұшағы құлаған еді. Ұшақ Қызыл ту ауылында апатқа ұшыраған. Ұшақ апатына байланысты шұғыл телефон желісі ашылды. Тоқаев ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.

Сондай-ақ, зардап шеккендерге барлық топтағы қан керегі де хабарланды. Кейіннен, зардап шеккендер мен бортта болған жолаушылар тізімі жарияланды. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты

Ауруханада тағы бір адам көз жұмып, қаза тапқандардың саны 15 адамға жетіп отыр. 

Сол апатта Informburo.kz редакторы Дана Круглова қайтыс болды. 

Болған жағдайға байланысты Bek Аir авиакомпаниясының лицензиясы тоқтатылды. 

Мемлекет басшысының бұйрығымен 28 желтоқсан еліміз бойынша қаралы күн деп жарияланды. 

Бұдан бөлек, ұшақ бортындағы экипаждардың есімдері белгілі болды. Бүгін Fokker компаниясы Bek Air ұшағының құлау себептерін анықтау мақсатында Алматыға мамандарды жіберетіні айтылды

ҚР ІІМ арнайы тексеру жүргізіп жатқандығын хабарлады. Үкімет басшысы Асқар Мамин де ұшақ апатының себебін 10 қаңтарды жариялауды тапсырған болатын. 

Қазір зардап шеккендерге көмек үшін арнайы шот ашылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы