Амнистия: Қазақстандықтардың 22,8 млрд теңге айыппұлы кешірілді

Қазақстанда 681 мыңнан астам азаматқа әкімшілік рақымшылық жасалды

23 Шілде 2026, 16:45
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 23 Шілде 2026, 16:45
23 Шілде 2026, 16:45
290
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда тәуелсіздік тарихында алғаш рет жүргізілген әкімшілік рақымшылық аясында 681,7 мың азаматқа қатысты 1,3 млн әкімшілік іс бойынша жазаларды орындау тоқтатылды. Жалпы сомасы 22,8 млрд теңге көлеміндегі айыппұл кешірілді. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан әкімшілік рақымшылық жаңа халықтық Конституцияның алғашқы практикалық іске асқан маңызды бастамаларының біріне айналды.

Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіліп, ол жаңа халықтық Конституцияның алғашқы практикалық жүзеге асырылған маңызды бастамаларының біріне айналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың азаматтарға деген қамқорлығының көрінісі болған бұл бастама жүздеген мың адамға мемлекеттің нақты қолдауын сезінуге мүмкіндік берді, – деп жазды Бас прокурор.

Оның мәліметінше, бір айға жетпейтін уақыт ішінде 681,7 мың азаматқа қатысты 1,3 млн әкімшілік іс бойынша әкімшілік жазаларды орындау тоқтатылып, жалпы көлемі 22,8 млрд теңгені құрайтын айыппұлдар кешірілген.

Әкімшілік рақымшылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 380-нен астам бабын қамтыды. Олардың қатарында салық, кеден, санитариялық, экологиялық құқық бұзушылықтар, кәсіпкерлік, сауда саласындағы және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар бар.

Сондай-ақ полиция, мемлекеттік кірістер, экология, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және өзге де мемлекеттік органдар анықтаған, әкімшілік қамаққа алуды көздемейтін әрі рақымшылыққа жатпайтын құқық бұзушылықтар санатына кірмейтін көптеген құқық бұзушылықтар да рақымшылыққа ілікті.

Берік Асыловтың айтуынша, прокуратура органдарының толық цифрлық дайындығы мен мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының арқасында рақымшылық бір айға жетпейтін мерзімде жүзеге асырылған.

Азаматтардан ешқандай өтініш талап етілген жоқ, олар мемлекеттік органдарды араламады, құжат жинамады және өзге де бюрократиялық рәсімдерден өтпеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің тоқтатылғаны жөнінде азаматтар СМС-хабарлама арқылы хабардар етілді, – деді Бас прокурор.

Оның сөзінше, көптеген отбасы үшін бұл тек қаржылық жүктемеден босату ғана емес, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізулердің тоқтатылуын, қойылған шектеулердің алынуын, арнайы тұраққа қойылған көліктердің қайтарылуын және өмірді жаңа парақтан бастау мүмкіндігін білдірді.

Бас прокурор мұндай мемлекеттік қолдауға азаматтардың оң бағасын беріп жатқанын атап өтті. Соның бір мысалы ретінде ол Жетісу облысындағы жағдайды келтірді.

Жетісу облысының тұрғынының автокөлігі жыл басынан бері айыппұлдардың төленбеуіне байланысты арнайы тұрақта тұрған. Әкімшілік рақымшылық туралы заңның қолданылуы нәтижесінде оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер тоқтатылып, полиция автокөлікті иесіне қайтарған.

Берік Асылов Президент бастамасын іске асыру прокуратура, ішкі істер органдары, мемлекеттік кірістер органдары, экология саласы, жергілікті атқарушы органдар және басқа да мемлекеттік құрылымдардың ерекше жауапкершілікпен жұмыс істеуін талап еткенін айтты.

Басты қағида өзгеріссіз қалды: рақымшылық жасауға құқығы бар әрбір азамат оны міндетті түрде алуға тиіс, ал заң талаптарына сәйкес келмейтін ешкім бұл мүмкіндікті пайдаланбауы қажет, – деді ол.

Бас прокурордың пікірінше, атқарылған жұмыс цифрлық технологиялардың мемлекеттік басқаруды тиімді етіп қана қоймай, азаматтарды артық бюрократиялық рәсімдерден босатуға да мүмкіндік беретінін көрсетті.

Әділдік, қоғамның мемлекетке деген сенімі және "Заң мен Тәртіп" қағидаты дәл осылай нығаяды, – деп айтты Берік Асылов.

Еске сала кетейік, Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған амнистия аясында Ішкі істер министрлігі бағыты бойынша шамамен 590 мың азаматқа рақымшылық қолданылып,  нәтижесінде 1,3 миллионнан астам әкімшілік өндіріп алу тоқтатылып, жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден астам айыппұл есептен шығарылған еді.

Сондай-ақ Қазақстанда ауқымды рақымшылық жасалып, мыңдаған әйелдің жазасы жеңілдетілетіні хабарланды.

Тағы оқи отырыңыз:

Тоқаев бірден үш маңызды заңға қол қойды: Арасында рақымшылық туралы заң да бар

Әкімшілік айыппұлдарға рақымшылық: Кімдер ілігеді, нені білу керек?

Наверх