Алматы – Қорғас тасжолындағы қайғылы жол апаты: Күдіктінің қанынан алкоголь анықталған

Сот-химиялық сараптаманың қорытындысы дайын болған.

 Threads 22 Шілде 2026, 09:50
22 Шілде 2026, 09:50
269
Фото: Threads

Алматы – Қорғас тасжолында болған жантүршігерлік жол апатына бір айға жуық уақыт өтті. Апаттан қаза тапқан үш адамның туысы Гүлзана Тұрдиева тергеу барысы туралы жаңа мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, сот-химиялық сараптаманың қорытындысы дайын болған. Сараптама нәтижесінде күдіктінің қанынан 3,3 промилле алкоголь анықталған.

Сонымен қатар, көлікке жүргізілген техникалық сараптама оның толықтай жарамды болғанын көрсеткен. Осылайша, жол апатына көліктің техникалық ақауы себеп болды деген нұсқа расталмаған.

Гүлзана Тұрдиева зардап шеккен балаларға қатысты сот-медициналық сараптамалардың да қорытындысы алынғанын мәлімдеді.

Бұл құжаттар олардың алған жарақаттарының ауырлығын ресми түрде растайды, – деп жазды ол.

Алайда оның сөзінше, балалар қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде танылғанына және медициналық сараптама қорытындылары дайын болғанына қарамастан, осы уақытқа дейін олардан жауап алынбаған.

Айта кетейік, бұл жол апаты бойынша қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша тергеліп жатыр.

Марқұмдардың туысы бұл материалдардың отбасы үшін жай ғана процессуалдық құжат емес екенін айтты.

Әрбір қорытындының артында үзіліп кеткен үш тағдыр, ата-анасыз қалған балалар және күн сайын осы қайғымен өмір сүріп жатқан отбасы тұр, – деді Гүлзана Тұрдиева.

Ол отбасы тергеу барысы туралы қоғамды алдағы уақытта да хабардар етіп отыратынын жеткізді. Оның айтуынша, ең бастысы – тергеудің объективті, жан-жақты жүргізіліп, кінәсі сотпен дәлелденген ешбір адамның лауазымы, атағы немесе бұрынғы еңбегіне қарамастан жауапкершіліктен жалтармауы.

Еске салайық, 24 маусымда Алматы – Қорғас тасжолында жантүршігерлік жол апаты болып, бір үйдің үш адамы – әкесі, анасы мен қызы қаза тапқан еді. Марқұмдардың туыстары күдікті әрі көлікті басқарған адам погон таққан адам болуы мүмкін екенін айтқан. 

Наверх