Ішкі істер министрлігі жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған рақымшылық туралы заңның қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді.
Ведомство мәліметінше, заң аясында сотталған әйелдердің құқықтық жағдайын жақсартуға және оларды босатуға ерекше назар аударылған. Рақымшылық 2902 әйелге қатысты қолданылады. Оның 249-ы қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр, қалғандары пробациялық бақылауда немесе тергеу сатысында.
Жалпы алғанда, рақымшылық 15 мыңнан астам сотталған адамды қамтиды. Алдын ала есеп бойынша, шамамен 4,5 мың адам қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босатылады. Ал 10,8 мың сотталғанның жаза мерзімі қысқартылады немесе тағайындалған жазасы жеңілдетіледі.
ІІМ өкілдері рақымшылықтың автоматты түрде қолданылмайтынын атап өтті.
– Рақымшылық барлық сотталғандарға бірдей қолданылмайды. Әрбір адамның ісі жасаған қылмысының санатына, түзеу мекемесіндегі тәртібіне, келтірілген залалды өтеуіне және басқа да факторларға қарай жеке қаралады. Кейбір азаматтар жазасын өтеуден толық босатылса, енді біреулерінің жаза мерзімі қысқартылады немесе заңда көзделген өзге де жеңілдіктер беріледі, – деп мәлімдеді министрлік.
Айта кетейік, елімізде соңғы ірі рақымшылық Конституцияның 30 жылдығына орай өткізілген болатын. Ол кезде шамамен 10 мың сотталған адамға рақымшылық жасалып, олардың 3,3 мыңы әйелдер болған.
Соңғы жылдары Қазақстанда заң бұзған әйелдерді қолдауға бағытталған жүйелі шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 2025 жылдан бастап Қылмыстық кодекстің 74-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Жаңартылған нормаға сәйкес, кәмелетке толмаған балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған әйелдерге сот бес жылға дейін (бірақ бала 14 жасқа толғанға дейінгі мерзімнен аспайтын) жазаны өтеуді кейінге қалдыруға міндетті.
Қазіргі уақытта бұл норма 667 әйелге қолданылып, олардың түрмеде жазасын өтеудің орнына отбасында қалып, бала тәрбиесімен айналысуына мүмкіндік берді. Осындай кепілдік енді кәмелетке толмаған баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдарға да қарастырылған.
Сонымен қатар Парламент қылмыстық, қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару заңнамасын және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті Конституция талаптарына сәйкестендіруге бағытталған заң қабылдады.
Құжатта әйелдердің ұсталуы жағдайларын жақсартуға арналған бірқатар норма қамтылған. Атап айтқанда, әйелдердің толық қауіпсіздік мекемелерінде жазасын өтеуіне тыйым салынады, отбасы мүшелерімен телефон арқылы сөйлесуге қойылған шектеулер алынып тасталады, кішкентай балалары бар әйелдерге тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау мүмкіндігі беріледі. Ал жүкті сотталған әйелдерге қылмыстық-атқару жүйесінен тыс азаматтық перзентханаларда босануға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық кепілдіктер кеңейтіліп, сәлемдеме алу, кездесулер өткізу саны, серуендеу уақыты және азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарларға жұмсалатын шығын көлемі ұлғайтылады.
ІІМ рақымшылықтың сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм, азаптау, адам өлтіру, адам саудасы, мемлекетке опасыздық жасау, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар, әйелдер мен балаларды азаптау және басқа да аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандарға қолданылмайтынын еске салды.
Министрлік рақымшылықтың нақты мысалдарын да келтірді. Мәселен, ұрлық жасағаны үшін бес жылға сотталған 25 жастағы әйел Шығыс Қазақстан облысындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Рақымшылықтың арқасында ол отбасына оралып, сәбиінің дүниеге келуіне дайындалып, өмірінің жаңа кезеңін бастау мүмкіндігіне ие болады.
Тағы бір мысалда 35 жастағы әйел жеңіл табыс табуды көздеп, есірткі жасырумен айналысуға келісіп, бес жылға бас бостандығынан айырылған. Үйінде күйеуі мен екі баласы күтіп отыр. Бүгінде ол өз әрекетінің үлкен қателік болғанын түсінген. Рақымшылық оған жаза мерзімін қысқартып, жақындарына ертерек оралуға мүмкіндік береді.