22 млрд теңгелік айыппұл жойылды: Амнистия кімдерге қатысты болды?

16 Шілде 2026, 14:02
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов 16 Шілде 2026, 14:02
16 Шілде 2026, 14:02
178
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған амнистия аясында Ішкі істер министрлігі бағыты бойынша шамамен 590 мың азаматқа рақымшылық қолданылды. Нәтижесінде 1,3 миллионнан астам әкімшілік өндіріп алу тоқтатылып, жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден астам айыппұл есептен шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Polisia.kz сілтеме жасап.

1 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған амнистия туралы заңға қол қойған болатын. ІІМ бұл шешімнің адамгершілік пен ізгілік қағидаттарына негізделгенін атап өтті.

Министрліктің мәліметінше, Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік амнистия өткізілді. Оның аясында заңда көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша азаматтар айыппұл төлеуден босатылды.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, амнистия тек қоғамның қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін және азаматтардың құқықтарына зиян келтірмейтін жағдайларда ғана қолданылады.

Амнистия – бір реттік ізгілік шарасы. Ол болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Егер азамат қайтадан құқық бұзса, ол заң талаптарына сәйкес толық жауапкершілікке тартылады, – деді Мұрат Қабденов.

Сондай-ақ ІІМ азаматтарды заң талаптарын сақтауға және өзге адамдардың құқықтарын құрметтеуге шақырды. Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолы – заң талаптарын сақтау, ал «Заң және тәртіп» қағидаты қауіпсіз әрі әділетті қоғамның басты негізі болып қала береді.

Наверх