Әкімшілік айыппұлдарға рақымшылық: Кімдер ілігеді, нені білу керек?

Құжат бойынша әкімшілік амнистия 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған кейбір құқықбұзушылықтарға ғана қолданылады.

Бүгiн 2026, 10:49
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 10:49
Бүгiн 2026, 10:49
201
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты амнистия туралы заң жобасы қаралып жатыр. Құжаттағы көпшілікке ең түсінікті әрі күнделікті өмірге жақын нормалардың бірі – әкімшілік айыппұлдарға қатысты амнистия. Бұл туралы экономист Айбар Олжай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет кейбір азаматтар мен жеке кәсіпкерлерге бұрын салынған айыппұлдарын төлемеуге мүмкіндік береді.

Мұны шартты түрде қаржылық амнистия деуге болады. Себебі әңгіме адамның бас бостандығы емес, оның мойнында тұрған қаржылық міндеттеме туралы болып отыр. Егер азаматқа немесе жеке кәсіпкерге белгілі бір әкімшілік құқықбұзушылық үшін айыппұл салынса, бірақ ол әлі толық төленбесе, заңға сәйкес сол айыппұл немесе оның қалған бөлігі кешірілуі мүмкін, - дейді Айбар Олжай.

Оның сөзінше, бұл амнистияны барлық айыппұлдардың толық жойылуы ретінде қабылдауға болмайды.

Бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсіну керек. Амнистия "айыппұлдар енді мүлде болмайды" деген сөз емес. Сондай-ақ бұл заң бұзуға болады деген белгі де емес. Мемлекет тек белгілі бір кезеңге дейін жасалған, қоғамға аса қауіпті емес құқықбұзушылықтар бойынша бір реттік жеңілдік жасап отыр, - дейді сарапшы.

Құжат бойынша әкімшілік амнистия 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған кейбір құқықбұзушылықтарға ғана қолданылады. Яғни осы күннен кейін салынған айыппұлдарға бұл жеңілдік жүрмейді. Егер адам заң күшіне енгеннен кейін қайтадан құқықбұзушылық жасаса, ол жалпы тәртіппен жауап береді.

Айбар Олжай бұл бастама қарапайым азаматтармен қатар жеке кәсіпкерлер үшін де маңызды екенін атап өтті.

Шағын кәсіппен айналысатын адамдар үшін әкімшілік айыппұл кейде үлкен қаржылық салмаққа айналады. Әсіресе табысы тұрақсыз, айналымы шағын кәсіпкерлер үшін бірнеше айыппұлдың өзі бизнеске ауыр тиеді. Сондықтан мемлекет бұл қадам арқылы азаматтарға ғана емес, шағын экономикалық белсенділікке де қолдау көрсетіп отыр, - дейді ол.

Дегенмен амнистия барлық құқықбұзушылықтарға қолданылмайды.

Сарапшының айтуынша, жол қауіпсіздігіне, мас күйінде көлік жүргізуге, есірткі мен қаруға, санитарлық талаптарға, өрт қауіпсіздігіне, құрылыс пен архитектураға, ұлттық қауіпсіздікке және қоғам үшін қауіпті басқа да салаларға қатысты құқықбұзушылықтар бұл тізімге кірмейді.

Мысалы, көлікті мас күйінде басқарған, қарсы жолаққа шыққан немесе жолда басқа адамдардың өміріне қауіп төндірген адамдар бұл амнистияға ілінбейді. Себебі мұндай жағдайда мәселе жай айыппұлда емес, қоғам қауіпсіздігінде болып отыр, - дейді Айбар Олжай.

Сарапшы амнистияны қолдану тәртібіне де тоқталды. Оның айтуынша, азаматтарға арнайы өтініш берудің қажеті жоқ.

Айыппұлдардың амнистияға жататыны мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде анықталады. Яғни тиісті органдар деректерді қарап, заң талаптарына сәйкес келетін айыппұлдар бойынша шешімді электронды түрде қабылдайды. Кейін азаматтарға цифрлық сервистер немесе SMS арқылы хабарлама жіберіледі, - дейді ол.

Бұл тәсіл азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Егер айыппұл заң талаптарына сәйкес келсе, жүйе оны автоматты түрде анықтап, қажетті шешімді қабылдайды.

Сонымен қатар сарапшы амнистия әкімшілік жауапкершілік фактісін толық жоймайтынын ескертті.

Айыппұл кешірілгенімен, адамның бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы ақпарат заңда көзделген жағдайларда сақталуы мүмкін. Бұл әсіресе қайталанған құқықбұзушылықтарды анықтау үшін қажет, - дейді ол.

Айбар Олжайдың пікірінше, бұл бастаманы жауапкершіліктен толық босату ретінде емес, мемлекеттің бір реттік гуманистік шешімі ретінде қабылдаған жөн.

Амнистия заң бұзуды ақтамайды. Ол тек қоғамға аса қауіпті емес жағдайларда азаматқа қайта түзелуге, қаржылық ауыртпалықтан арылуға және заңды өмірге қалыпты түрде оралуға мүмкіндік береді, - деп түйіндеді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін ІІМ әкімшілік рақымшылық кімдерге жүрмейтінін түсіндірді.

Наверх