- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Алтын виза»: 300 мың доллар Қазақстан экономикасына не береді?
«Алтын виза»: 300 мың доллар Қазақстан экономикасына не береді?
17 Қыркүйек 2026, 17:30
Қазақстанда «алтын виза» алу үшін шетелдік инвестор кемінде 300 мың доллар инвестиция салуы керек. Алайда экономистер бағдарламаның тиімділігін берілген визалар санымен немесе елге кірген қаржы көлемімен ғана бағалау жеткіліксіз екенін айтады. Инвестиция жаңа өндіріс пен жұмыс орындарын ашуға жұмсала ма, әлде бағалы қағаздарға салынып, кейін елден қайта шығарыла ма? BAQ.KZ тілшісі сарапшылардан «алтын визаның» ел экономикасына ықтимал пайдасы мен тәуекелін сұрады.
Инвестиция келе ме?
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, «алтын виза» арқылы Қазақстанға инвестиция келуі де, келмеуі де мүмкін. Бұл ретте бағдарламаға қанша шетелдіктің қатысатыны емес, олардың капиталы ел экономикасында қалай жұмыс істейтіні маңызды.
Егер инвестор Қазақстанға келіп, кәсіп ашып, өндіріс құрып, жұмыс орындарын ашса, бұл – бізге қажет, ұзақмерзімді инвестиция. Ал белгілі бір соманы әкеліп, оны валютаға немесе бағалы қағаздарға салып қойып, «алтын визаны» пайдаланып, кейін қаржысын елден алып кетсе, оның Қазақстанға пайдасы айтарлықтай болмайды, - дейді экономист.
Оның пікірінше, бағдарламаның нәтижесін бағалау кезінде инвестиция көлемімен қатар, ашылған кәсіпорындар мен жұмыс орындарының саны, өндірілген өнімнің көлемі, экспорттық әлеуеті және бюджетке түскен салық мөлшері есепке алынуы керек.
Экономист Алдияр Саматов та инвестицияның қайда бағытталатыны шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Оның сөзінше, «алтын виза» алу үшін салынатын кемінде 300 мың долларды жұмыс істеп тұрған немесе жаңадан құрылатын компанияның жарғылық капиталына, сондай-ақ бағалы қағаздарға орналастыруға болады.
Бағалы қағаздарға салынған инвестиция елге қаржы ретінде келеді. Ал жарғылық капиталға бағытталған қаражаттың жанама пайдасы көбірек. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуға, шетелден құрал-жабдық әкелуге және өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік береді, -дейді сарапшы.
Салықтық жеңілдік өзін ақтай ма?
Сарапшылардың пікірінше, инвесторлар мен олардың отбасына ұсынылатын салықтық жеңілдіктердің тиімділігі де нақты есептелуге тиіс.
Мақсат Халық бұл мәселеде қарапайым экономикалық логикаға сүйену қажет деп санайды: мемлекет инвесторға белгілі бір жеңілдік берсе, оның орнына одан да жоғары экономикалық қайтарым күтуі керек.
Инвестор Қазақстанда бизнес ашып, 100 адамды жұмыспен қамтып, бірнеше миллион доллар салса, оған берілген жеңілдіктің қайтарымы бар деуге болады. Ал ол тек ең төменгі талаптарды орындап, өзі мен отбасы жеңілдіктерді пайдаланып отырса, мұның мемлекетке қаншалықты тиімді екенін есептеу керек. «Біз инвесторды қанша салықтан босаттық және соның есесіне экономика қанша пайда тапты?» деген сұрақ қойылуы қажет, – дейді ол.
Алдияр Саматовтың айтуынша, бұл жерде мемлекетке түспей қалған салық пен келген инвестициядан алынатын пайданы салыстырған дұрыс.
Егер инвестор әкелген қаржы мемлекет ұсынған жеңілдіктерден көп пайда әкелсе, бағдарлама Қазақстан үшін тиімді болады. Мұны әрбір жағдайда нақты экономикалық көрсеткіштер арқылы бағалау қажет, – деді экономист.
Қаржы қай салаға салынуы керек?
Мақсат Халықтың пікірінше, Қазақстан инвестицияның көлеміне ғана емес, оның сапасы мен құрылымына да назар аударуы керек. Егер капитал негізінен жылжымайтын мүлікке немесе дайын активтерді сатып алуға жұмсалса, оның экономикаға беретін мультипликативтік әсері шектеулі болады.
Ал қаражат өңдеу өнеркәсібіне, IT мен жасанды интеллект саласына, агроөнеркәсіп кешеніне, логистикаға, туризмге және экспортқа бағытталған кәсіпорындарға салынса, экономикалық қайтарымы анағұрлым жоғары болуы мүмкін.
Қазақстанға тартылған инвестицияның басым бөлігі ұзақ жылдар бойы шикізат пен тау-кен саласына бағытталды. Соның салдарынан экономикамыз мұнай мен табиғи ресурстарға тәуелді болып қалды. Енді нақты секторға, өндіріс пен өнеркәсіпке, инфрақұрылымға және аралық өнім шығаруға басымдық берген дұрыс. «Қанша ақша әкелдің?» дегеннен бөлек, «Ол ақша экономикаға не берді?» деген талап қойылуы керек, - дейді Мақсат Халық.

Алдияр Саматов та өндірістік жобаларға салынған инвестицияның пайдасы жоғары екенін айтады. Өйткені мұндай жобалар қазақстандықтарды жұмыспен қамтып, жалақының өсуіне және ішкі нарықтағы бәсекенің артуына ықпал етеді.
Егер қаражат тек бағалы қағаздарға салынса, оның елге кірген ақша көлемінен басқа айтарлықтай жанама әсері болмауы мүмкін. Ал инвестиция өндіріске немесе жаңа стартаптарға бағытталса, экономикаға беретін пайдасы әлдеқайда көп болады, – деді ол.
Қандай тәуекелдер бар?
«Алтын виза» бағдарламасының ықтимал тәуекелдері де жоқ емес. Мақсат Халық оның жемқорлыққа және бағдарламаны теріс пайдалануға жол ашпау керектігін ескертті.
Біріншіден, Қазақстанға нақты инвесторлар емес, тек резиденттік мәртебесі мен салықтық жеңілдіктерге қызығатын адамдар келуі мүмкін. Екіншіден, инвестицияның негізгі бөлігі жылжымайтын мүлікке бағытталса, тұрғын үйге сұраныс артып, бағаға қосымша қысым түсуі ықтимал. Үшіншіден, елге әкелінетін капиталдың шығу тегі толық әрі ашық тексерілуі қажет.
Алдияр Саматов та инвестор қаражатының заңдылығын қадағалау маңызды екенін атап өтті.
Егер Қазақстанға заңсыз жолмен алынған ақша әкелінсе, кейін ол активтердің бұғатталуына және басқа да құқықтық мәселелерге алып келуі мүмкін. Сондықтан жауапты мемлекеттік органдар қаржының шығу тегін мұқият тексеріп, оның заңды жолмен табылғанына көз жеткізуі керек, – дейді сарапшы.

Виза саны нәтиже көрсетпейді
Экономистердің пікірінше, бағдарламаның тиімділігін берілген «алтын визалардың» санымен өлшеу дұрыс емес. Негізгі көрсеткіш – елге келген капиталдың экономикада қаншалықты өнімді жұмыс істегені.
Бес мың «алтын виза» берілгенімен, экономика автоматты түрде ұтып кетпейді. Ал 500 инвестор кәсіпорын ашып, жаңа технология әкеліп, мыңдаған жұмыс орнын құрса, бұл әлдеқайда маңызды нәтиже. «Алтын визаның» негізгі мақсаты ауқатты адамдарға Қазақстанда тұруға мүмкіндік беру емес, олардың капиталын ел экономикасында жұмыс істету болуы керек, – деп түйіндеді Мақсат Халық.
Еске салсақ, елімізде «Алтын виза» алған шетелдік инвесторларға салықтық жеңілдіктер берілуі мүмкін. Жеңілдіктер жеке табыс салығына, кәсіпкерлік қызметке, мүлік пен жер салығына қатысты болады.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда «Алтын виза» пайда болады: Кімдер ала алады?
Тоқаев Кения бизнесіне «Алтын виза» ұсынды: Шетелдік кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер беріледі?
Ең оқылған:
- «Сот залында қамауға алынды»: Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге сот үкімі шықты
- Орта дәліз, сутегі, AI және сирек металдар: Тоқаев Кореямен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын атады
- «Тыңдап тұрсың ба, мен тергеушімін»: Шымкентте өзін полицей ретінде таныстырған қыз анықталды
- Қазақстан-Корея серіктестігі жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады – сарапшылар пікірі
- Forbes есебі: Трамптың байлығы сайлаудан кейін қалай өзгерді?
Аида БАТУХАН