Қазақстанда шетелдік мамандар мен инвесторларды тартуға бағытталған жаңа көші-қон саясаты әзірленіп жатыр. Бұл туралы дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Еңбек министрлігі шетелдік мамандарды тарту тәсілдерін жетілдіру және заманауи көші-қон саясатын дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова
Президент Жарлығының қабылдануы – адами капитал үшін жаһандық бәсекелестік күшейген кезеңдегі өте өзекті шешім. Қазір көптеген мемлекет шетелдік кадрлар, инвесторлар мен кәсіпкерлерді тарту үшін арнайы бағдарламалар енгізіп жатыр, – деді Ербол Тұяқбаев.
Вице-министрдің сөзінше, халықаралық тәжірибеде «алтын виза», цифрлық резиденттік және жеңілдетілген кіру және тұру режимдері сияқты механизмдер кеңінен қолданылады.
Қазақстан шетелдіктерді 4 санатқа бөлмек
Жаңа тәсіл аясында Қазақстанға еңбек қызметі үшін келетін шетел азаматтарын нақты әрі құрылымдалған жүйе бойынша жіктеу ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, төрт негізгі санат қарастырылған:
бизнес-иммигранттар;
ерекше білімі мен құзыреті бар жоғары білікті мамандар;
жұмыс берушілер тартатын орта деңгейлі білікті кадрлар;
үй шаруашылығында жұмыс істеу үшін жеке тұлғалар тартатын еңбек мигранттары.
Әр санат үшін кіру мақсатына, біліктілік деңгейіне және елде болу мерзіміне қарай жеке виза режимдері енгізіледі.
«Алтын виза» кімге арналған?
Министрлік ерекше назар жоғары білікті мамандар мен бизнес-иммигранттарға аударылып отырғанын мәлімдеді.
BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова
«Алтын виза» деп аталатын арнайы визаны енгізу қарастырылып жатыр. Ол жоғары білікті мамандар мен инвесторларға арналған, – деді Ербол Тұяқбаев.
Оның айтуынша, бұл визаның басты ерекшелігі – белгілі бір уақыт еңбек немесе инвестициялық қызметпен айналысқаннан кейін ұзақ мерзімді резидент мәртебесіне өту мүмкіндігі.
Шетелдік мамандарға қандай жеңілдіктер беріледі?
Вице-министрдің сөзінше, ұзақ мерзімді резидент мәртебесі кей құқықтар бойынша Қазақстан азаматтарының мәртебесіне жақын болады.
Атап айтқанда, оларға:
салықтық жеңілдіктер;
мемлекеттік қаржылық қызметтерге қолжетімділік;
банк инфрақұрылымын пайдалану;
денсаулық сақтау жүйесіне қолжетімділік;
білім беру қызметтері;
лицензияланатын қызмет түрлеріне рұқсат;
әлеуметтік кепілдіктер
берілуі мүмкін.
«Бір терезе» қағидаты енгізіледі
Сонымен қатар жаңа жүйе аясында әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, өтінімдерді қарау мерзімін қысқарту, мемлекеттік органдармен жұмысты ашық ету шаралары қарастырылып отыр.
Бұл жұмыстар «бір терезе» қағидаты арқылы жүзеге асырылмақ.
Мұның барлығы шетелдік мамандар мен инвесторлар үшін барынша ыңғайлы әрі болжамды орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді бірінші вице-министр.