Алматыда мемлекеттік балабақшаларда Жаңа жылдық ертеңгіліктер өтпей ме? Басқарма жауап берді

28 Қазан 2026, 17:31
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 28 Қазан 2026, 17:31
28 Қазан 2026, 17:31
124
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлеуметтік желіде Алматыдағы мемлекеттік балабақшаларда Жаңа жыл мерекесіне арналған ертеңгіліктер өткізілмейді деген ақпарат тарады. Осыған байланысты қалалық Білім басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі баласы мемлекеттік балабақшаға баратын ата-аналардан мерекелік ертеңгіліктердің тоқтатылған-тоқтатылмағанын сұраған. Оның жазуынша, балабақшада Жаңа жыл мерекесінің орнына Наурызға басымдық берілмек.

Бізде енді Жаңа жыл болмайды, оның орнына Наурызға басымдық беріледі. Басқа балабақшаларда да осылай ма?, – деп жазған ол.

Білім басқармасы не дейді?

Алматы қаласының Білім басқармасы мемлекеттік балабақшаларда Жаңа жылдық ертеңгіліктерді тоқтату туралы ешқандай бұйрық немесе өкім шығарылмағанын хабарлады.

Алайда басқарманың мәліметінше, барлық балабақшада мерекелік шараларды бірдей форматта өткізу міндеттелмеген. Сондай-ақ ата-аналардың ертеңгіліктерге міндетті түрде қатысуы талап етілмейді.

Мектепке дейінгі ұйымдар балалардың жас ерекшеліктері мен қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, мерекелік іс-шаралардың форматын өздері анықтайды. Ең бастысы – балалар үшін жайлы, қуанышты әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Яғни Алматыдағы мемлекеттік балабақшаларда Жаңа жылдық ертеңгіліктерді жаппай тоқтату туралы шешім қабылданбаған. Мерекелік шаралардың қалай өтетінін әр балабақша өз бетінше белгілейді.

Наверх