Жолдау-2026: Еліміз қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру маңызды

Мемлекет басшысы қалалардың даму жоспарын әзірлеу және инфрақұрылымның цифрлық сыңарын жасау қажеттігін айтты.

 ©BAQ.KZ коллажы 28 Қазан 2026, 11:13
28 Қазан 2026, 11:13
202
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда қалаларды қауіпсіз, жайлы әрі заманауи етіп дамытуға басымдық беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен әкімдіктерге қала инфрақұрылымын тиімді басқару және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру жөнінде міндеттер жүктеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз. Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн. Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс, - деп атап өтті Президент.

Айтуынша, сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс.

Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап. Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады, - деді Мемлекет басшысы.

Наверх