Алматы қаласында студенттер жатақханаларында 5 мыңнан астам орын жетіспейді. Бұл мәселені алдағы бір-екі жылда шешу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, соңғы алты-жеті жылда Қазақстанда 281 студенттік жатақхана пайдалануға берілген. Нәтижесінде студенттерге 72 мыңнан астам орын ұсынылған.
Жалпы алғанда, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шештік деп айтуға болады. Қазіргі уақытта Алматы қаласында 5 мыңнан астам орын тапшылығы сақталып отыр. Алдағы бір-екі жылда бұл қажеттілікті де толық өтеуді жоспарлап отырмыз, – деді Саясат Нұрбек.
Алматыда қандай жатақханалар салынып жатыр?
Министрдің мәліметінше, Алматыда 4 780 орынға арналған жатақхана кешенінің құрылысы басталған. Оның 340 орындық алғашқы блогы пайдалануға берілген.
Жоба толық аяқталғаннан кейін қаладағы студенттер жатақханаларындағы қазіргі орын тапшылығының шамамен 80 пайызы жабылады деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 656 орындық жатақханасы пайдалануға берілген. Ал Петропавл қаласында М. Қозыбаев атындағы университет студенттеріне арналған 1 200 орындық жатақхана ашылған.
Министр заманауи студенттік инфрақұрылымды дамыту және жатақхана құрылысын жалғастыру жұмыстары алдағы уақытта да жүргізілетінін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанда соңғы жеті жылда жоғары білім беру жүйесін қаржыландыру көлемі артқаны хабарланды. Мемлекеттік білім беру тапсырысына бөлінетін қаражат 1,5 трлн теңгеге жетіп, 2,6 есе өсті.
Белгілі болғандай, әлеуметтік осал санаттағы студенттердің жатақхана шығыны өтеліп, стипендиясына үстемеақы төленеді.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда студенттердің үлгерімін бағалау жүйесі өзгерді: Жаңа GPA қалай есептеледі?