Қазақстанның 40 жоғары оқу орнында студенттердің академиялық үлгерімін бағалаудың интегралды GPA жүйесі енгізілді. Жаңа тәсіл білім жетістіктерімен қатар, зерттеу дағдылары мен әлеуметтік құзыреттерді де ескеруді көздейді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің таныстырылымында көрсетілгендей, интегралды GPA үш негізгі құрамдас бөліктен тұрады. Оның 50 пайызы оқу жетістіктеріне, 35 пайызы зерттеу дағдыларына, ал 15 пайызы әлеуметтік құзыреттерге тиесілі.
Интегралды GPA мына формула бойынша есептеледі:
IGPA = 0,5 × GPA + 0,35 × iROS + 0,15 × SSCI.
Бұл жүйе студенттердің тек академиялық үлгерімін ғана емес, зерттеу қабілеті мен әлеуметтік дағдыларын да бағалауға мүмкіндік береді. Жаңа тәсіл Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 3 наурыздағы №107 бұйрығымен 40 жоғары оқу орнына енгізілген.
Брифингте академиялық адалдықты нығайту және «Заң мен тәртіп» қағидатын білім беру жүйесінде орнықтыру бағытындағы жұмыстар да таныстырылды.
Министрліктің мәліметінше, қазір 40 жоғары оқу орны Академиялық адалдық лигасының құрамына кіреді. Бұл бағытта 109 жоғары оқу орнында 2 600 іс-шара өткізіліп, 650 мың адам қамтылған.
Педагогикалық білім беру бағдарламаларына «Адал азамат құндылықтары» пәні енгізілген. Жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Саналы ұрпақ» және «Таза сессия» акциялары өткізіліп, комплаенс-офицерлерді даярлау жұмыстары жүргізілуде, - деді Саясат Нұрбек.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда соңғы жеті жылда жоғары білім беру жүйесін қаржыландыру көлемі артқаны хабарланды. Мемлекеттік білім беру тапсырысына бөлінетін қаражат 1,5 трлн теңгеге жетіп, 2,6 есе өсті.