Жатақханалар салынып, стипендия өсті: Қазақстан студенттеріне қандай жағдай жасалып жатыр?

12 Қараша 2026, 15:51
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 12 Қараша 2026, 15:51
12 Қараша 2026, 15:51
142
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда соңғы жеті жылда жоғары білім беру жүйесін қаржыландыру көлемі артты. Мемлекеттік білім беру тапсырысына бөлінетін қаражат 1,5 трлн теңгеге жетіп, 2,6 есе өсті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің презентациясында көрсетілген мәліметке сәйкес, соңғы жеті жылда Қазақстанда 655,7 мың білім беру гранты тағайындалған. Осы кезеңде бакалавриат студенттерінің саны 2,5 есе өскен.

Студенттерді әлеуметтік қолдау және жатақханамен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, 281 студенттік жатақхана салынып, 72 125 орын пайдалануға берілген. Ал жатақханадағы орын тапшылығы 15,7 есе қысқарған.

2026 жылы 89 457 білім беру гранты бөлінді

Биыл жоғары білім алуға арналған 89 457 грант қарастырылған. Оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 9 527, қандастарға 2 378, мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға 1 816 грант бөлінген.

Сонымен қатар «Серпін» жобасы бойынша бөлінген гранттардың 99,5 пайызы игерілген.

Жоғары білім алушыларға төленетін шәкіртақы көлемі де артқан. Соңғы жеті жылда бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 2,5 есе, магистранттардыкі 2,2 есе, докторанттардыкі 3,2 есе өскен.

Қазақстанда 41 мың шетелдік студент білім алады

Брифингте жоғары білімнің интернационалдандыру бағытындағы көрсеткіштер де таныстырылды. Қазіргі уақытта Қазақстанның жоғары оқу орындарында 41 мың шетелдік студент білім алып жатыр. Елімізде шетелдік 33 жоғары оқу орны жұмыс істейді.

Сонымен қатар 18 қазақстандық университет QS World University Rankings халықаралық рейтингіне енген.

Жасанды интеллект саласындағы білім мен дағдыларды дамытуға бағытталған AI-Sana бағдарламасы аясында 706 мың сертификат берілген.

Осылайша, министрлік ұсынған мәліметтерде соңғы жеті жылда жоғары білімді қаржыландыру, гранттар бөлу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағыттарындағы көрсеткіштер қамтылды.

Наверх