Алматы тауларында тағы сел жүру қаупі туындады

27 Шілде 2023, 14:53
1099
Бөлісу:
Алматы тауларында тағы сел жүру қаупі туындады
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қалалық ТЖД алматылықтарға шұғыл хабарлама жасады. Себебі Алматы тауларында сел қаупі жоғары деп жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Қазгидромет" РМК дауылды ескертуіне сәйкес, 2023 жылғы 28 шілдеде Алматы қаласында және оған іргелес таулы жерлерде кейде қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ жауады деп күтілуде.

Соңғы 13 күнде қалыптасқан ауа температурасының жоғарылауына байланысты, Алматы тауларында гляциалды (мұздық) және нөсерлі сипаттағы сел қаупінің жоғары дәрежесі байқалады. Гидрометеорологиялық және сел жағдайының талдауына сәйкес, қатты жаңбыр жауған кезде сел құбылыстары болуы мүмкін, - делінген Алматы қаласы ТЖД баспасөз хабарламасында.

ТЖ министрінің нұсқауына сәйкес Алматы қаласында орналасқан құтқару бөлімшелері жоғары дайындық режиміне келтірілді. Ал әкімнің міндетін атқарушының өкімімен қалалық азаматтық қорғау қызметтері, аудандық әкімдіктер, азаматтық қорғау қызметтерінің авариялық-құтқару, инженерлік техникасы дайындыққа келтірілді.

"Қазселденқорғау" бөлімшелері сел қаупі бар учаскелерде бақылаудың жеделдетілген режиміне ауыстырылып, аэровизуалды және жергілікті бақылау жүргізілуде. Инженерлік-техникалық қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды.

Құрметті туристер, Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары сел тасқынына қалып қалған жағдайда, құтқарылуға мүмкіндік жоқ. Сел тасқыны қаупіне байланысты Іле Алатау тауларына бармауды сұраймыз, - деп ескертті ТЖД өкілдері.

Сел қауіп барі жерлерде қандай іс-әрекет жасау керек:

- таудағы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын үнемі қадағалап отыру;

- егер қауіп төнсе, немесе кенеттен сел болса, рельефтің ең биік нүктесіне көтеріліңіздер;

- демалуға тоқтамаңыздар және сел қауіпті каналдардың жанында, көл көпірлерінде (бөгеттерде) және олардың астында лагерьлер құрмаңыздар;

- естеріңізде болсын, сел ағынына түскен адамды құтқару мүмкін емес, сондықтан оған жақындамаңыздар.

Еске салайық, 22 шілдеде Тұйық-Су Альпі лагерінің маңында Кіші Алматы өзенінде табиғи апат болды – сел жүріп, жаяу жүргіншілер көпірі қирады. Су қабылдағыш істен шықты. Соның салдарынан Шымбұлақта су беру тоқтатылып, тау курорты жабылған болатын. Бұдан бөлек сол маңдағы қауіпті аймақтан 150 адам эвакуацияланды. 25 шілдеде "Қазселденқорғау" ММ Алматы пайдалану-техникалық басқармасының басшысы Самат Дауленқанов Алматы тауларында жағдай тұрақты екенін, морена көлдерінің тасу қаупі жоқ екеніне сендірген еді.

Өзгелердің жаңалығы