Әлемнің көптеген мәселесі түптамырында имандылық дағдарысы тұр - Сенат төрағасы

11 Қазан 2023, 10:37
931
Бөлісу:
Әлемнің көптеген мәселесі түптамырында имандылық дағдарысы тұр - Сенат төрағасы
Фото: Арман Мухатов

Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының XXI отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі уақытта өршіп келе жатқан халықаралық шиеленіс жағдайында жаһандық диалог пен сенімді нығайтудың жаңа тәсілдерін табу өте маңызды. Қазіргі әлемнің көптеген мәселесі негізінде, түптамырында имандылық дағдарысы тұрғаны анық. Материалдық жетістікке ұмтылу, табиғатқа және айналадағы адамдарға тұтынушылық көзқараспен қарау, материалдық басымдықтардың құнсыздануы адамзат қоғамына кері әсерін тигізіп жатыр, - деді ол.

Бұл жағдайда әлемдік және дәстүрлі діндердің іргелі және адамгершілік құндылықтарды сақтаушы ретіндегі рөлі өте маңызды.

Әлемдік діндер көшбасшылары бірнеше рет атап өткендей, қазіргі қоғамның іргетасы мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтар, толеранттылық пен диалог мәдениеті болуы керек. Дәл осы құндылықтар бейбітшілік пен жаңа әлемдік тәртіптің негізін қамтамасыз ете алады, - деп түсіндірді Әшімбаев отырыста.

Еске сала кетейік, осыған дейін Мәулен Әшімбаев дінге сенушілердің сезімін теріс мақсатта пайдаланатындар алаңдататыны туралы айтты.  Сондай ақ ол әлемдік дінбасылары даналығының арқасында адамзат өркениеттер қақтығысына жол бермегенін атап өтті. Ал Қазақстанда 18 түрлі дін мен конфессияға жататын этностық топ өкілдері тұрады. Діндер лидерлері съезі хатшылығының отырысына 28 делегация келді.

Өзгелердің жаңалығы