Әлемдік білім рейтингінде Қазақстан нешінші орында? Оқушыларымыздың қай көрсеткіші таңғалдырды?
Әлемдік білім рейтингінде Қазақстан нешінші орында? Оқушыларымыздың қай көрсеткіші таңғалдырды?
Халықаралық зерттеу қазақстандық оқушылардың еңбекке, білімге және мұғалім қолдауына қатысты көзқарасын анықтады. Кей көрсеткіштер ЭЫДҰ орташа деңгейінен жоғары.
Қазақстандық оқушылардың басым бөлігі білім мен қабілетті тұрақты еңбек, ізденіс және тәжірибе арқылы дамытуға болады деп санайды. Бұл – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) PISA 2025 халықаралық зерттеуінде анықталған көрсеткіштердің бірі.
Зерттеу нәтижелері бойынша, қазақстандық оқушылардың 75%-ы адамның қабілетін еңбек пен күш-жігер арқылы дамытуға болатынына сенеді. Бұл ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіштен (69%) жоғары. Сонымен қатар оқушылардың 64%-ы тапсырма күрделенген кезде қосымша күш салатынын айтқан. Ұйымға мүше елдердегі орташа көрсеткіш – 60%.
PISA зерттеуіне 91 ел мен білім беру жүйесінен 760 мыңнан астам оқушы қатысқан. Қазақстан атынан 643 мектептің 22 680 оқушысы тест тапсырды. Бұл елдегі 15 жастағы оқушылардың шамамен 95%-ын қамтиды.
Қазақстандық оқушылардың білімге көзқарасы қандай?
Зерттеуде қазақстандық оқушылардың мұғалімдермен қарым-қатынасы мен оқу үдерісіне деген көзқарасына да назар аударылған.
Мәселен, Қазақстандағы оқушылардың 85%-ы жаратылыстану сабақтарында мұғалімдерінің әр баланың білім алуына қызығушылық танытатынын айтқан. Бұл ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіштен (69%) жоғары.
Сондай-ақ оқушылардың 88%-ы мұғалімдері түсінбеген тақырыпты қосымша түсіндіруге көмектесетінін, ал 86%-ы мұғалім сабақ барысында оқушылар материалды меңгергенше түсіндіруді жалғастыратынын жеткізген.
Тағы бір назар аударарлық көрсеткіш – қазақстандық оқушылардың 83%-ы қажет болған жағдайда мұғалімнен көмек сұрайды. Бұл да ЭЫДҰ елдеріндегі орташа деңгейден (77%) жоғары.
Буллинг көрсеткіші төмен елдердің қатарында
Зерттеу нәтижесінде Қазақстан мектептеріндегі буллинг көрсеткіші де салыстырмалы түрде төмен болған.
2025 жылғы дерек бойынша, қазақстандық оқушылардың 9%-ы айына бірнеше рет немесе одан да жиі буллингтің кемінде бір түріне тап болғанын айтқан. Ал ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш – 20%.
Бұған қоса, Қазақстанда жаратылыстану пәні бойынша төмен нәтиже көрсеткен оқушылардың үлесі 2018 жылмен салыстырғанда 12 пайыздық тармаққа азайған. Бұл бағытта оң өзгеріс бар екенін көрсетеді.
Қазақстан халықаралық рейтингте нешінші орында?
Visual Capitalist басылымы ЭЫДҰ-ның PISA 2025 деректеріне сүйене отырып, елдер мен білім беру жүйелерінің рейтингін жариялады. Онда математика, жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша нәтижелердің орташа көрсеткіші есепке алынған.
Басылымның өз әдістемесі бойынша жасалған жиынтық рейтингте Қазақстан 91 қатысушының ішінде 58-орынға жайғасқан. Еліміздің үш пән бойынша орташа көрсеткіші – 406,3 балл. Оның ішінде жаратылыстану пәнінен –420, математикадан – 414, оқу сауаттылығынан 385 балл жинаған.
Рейтингтің алғашқы орындарында Қытайдың төрт өңірі (578,7 балл), Сингапур (552,7 балл) және Тайвань (531,3 балл) тұр. Алғашқы алты орынның барлығын Шығыс Азияның білім беру жүйелері иеленген.
Айта кетейік, жиынтық рейтингті Visual Capitalist басылымы үш пәннің нәтижесін тең салмақпен есептеу арқылы жасаған. Бұл – ЭЫДҰ-ның ресми рейтингі емес.
Осылайша, PISA 2025 нәтижелері Қазақстан мектептерінде білім сапасын арттыру бағытында әлі де жұмыс істеу қажет екенін көрсеткенімен, оқушылардың білімге ұмтылысы, мұғалімдердің қолдауы және мектептегі қауіпсіз ортаға қатысты бірқатар көрсеткіш оң нәтижені аңғартады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан тозған жерлерді қалпына келтіру аумағы бойынша әлемде үшінші орынға шықты. Бұл – 8,13 млн гектар немесе ел аумағының 3%-ы. Көрсеткіш тек Қытай мен Моңғолияда ғана жоғары. Бұл деректер БҰҰ-ның табиғатты қалпына келтіру туралы алғашқы әлемдік баяндамасында келтірілген.