Ең төменгі жалақы өсіп, мұғалімдердің жүктемесі азаяды: Үкімет әлеуметтік салада бірнеше жаңалық ұсынды

Жоспарда халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмекті жетілдіру және білім беру саласын қолдау шаралары қамтылған.

 ©BAQ.KZ коллажы 3 Қараша 2026, 11:12
3 Қараша 2026, 11:12
174
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда ең төменгі айлық жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарының жалақысына сараланған қосымша төлемдер қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасында әлеуметтік саясат пен адами капиталды дамытуға ерекше мән берілген.

Азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған негізгі бастамаларды атап өтейін. Халықтың табысын арттыру үшін ең төменгі айлық жалақы мөлшері 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өседі, – деді вице-премьер.

Министр медициналық-санитарлық алғашқы көмектің учаскелік қызметі мамандарының еңбекақысы да артатынын айтты. Жалақыға қосылатын қосымша төлемдер маманның тәжірибесі мен жұмыс жүктемесіне қарай сараланады.

Атаулы әлеуметтік қолдау көрсету жүйесінде отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа цифрлық тәсілдері енгізілмек. Жыл соңына дейін осы тәсілдерді пилоттық сынақтан өткізу аяқталады. Сонымен қатар мұқтаждық қағидатын енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталады.

Білім беру саласында келесі жылдың соңына дейін балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте бағалау мәселесі пысықталады. Бұған қоса, мұғалімдер қауымын институционалдық қолдауға көңіл бөлінеді.

Педагогтарға түсетін артық жүктемені айтарлықтай төмендету жоспарланып отыр. Бұл есептер санын, оның ішінде цифрлық платформалар мен жүйелердегі есептілікті қысқарту арқылы жүзеге асырылады, – деді Серік Жұманғарин.

Жалпыұлттық жоспар жобасында реформалардың институционалдық негіздерін күшейту де қарастырылған. Осы бағытта тиісті Кешенді жоспар қабылданады. Мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа этикалық стандарттар мен қағидаттар енгізіледі.

Сондай-ақ ел дамуының ұзақ мерзімді құжаты әзірленеді. Оны Президент Әкімшілігі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі және Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институты бірлесіп дайындайды.

Әлеуметтік-экономикалық саясатты іске асыруға Үкіметтің өзі жауапты болғандықтан, біз бұл жұмысқа белсенді араласамыз және елдің дамуына елеулі үлесімізді қосамыз, – деді ведомство басшысы.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жодауында Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Президент бұл тапсырма 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асуы керегін айтты. 

Тағы оқи отырыңыз: Президент Тоқаев: Ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту 

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтеріледі: Бектенов тапсырма берді 

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге өседі, бірақ бәрінің айлығы бірдей көтерілмейді – экономист түсіндірді 

Наверх