Деректер орталықтарынан дайын өнімге дейін: Қазақстан жасанды интеллект экономикасынан табыс таба ала ма?

3 Қараша 2026, 12:16
АВТОР
 gov.kz 3 Қараша 2026, 12:16
3 Қараша 2026, 12:16
141
Фото: gov.kz

Қазақстанда жасанды интеллектіге  арналған екі суперкомпьютерлік кластер жұмыс істеп тұр, үшіншісін іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Екібастұзда салынып жатқан деректер орталықтары кешенінің алғашқы кезегін 2027 жылдың үшінші тоқсанында коммерциялық пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жобалар елдің есептеу қуатын арттырады. Ал Қазақстанның ЖИ нарығынан қанша табыс табатыны осы қуатты отандық өнім әзірлеуге және өндірістегі нақты міндеттерді шешуге қаншалықты пайдалана алатынына байланысты.

Екібастұзда қандай жоба іске асырылады?

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстанға алғашқы сапарында елдің Еуропаға қызмет көрсететін есептеу орталығына айналу мүмкіндігі барын айтты. CNBC-дің жазуынша, ол Астанадағы панельдік талқылауда Қазақстанды Еуропаның болашақ «ЖИ фабрикасы» деп атаған. NVIDIA ресми блогында бұл пікірді тарқатып, Қазақстан энергия ресурстарын есептеу қуатына айналдырып, сол қуатпен әзірленген өнімді экспорттай алатынын атап өтті.

2026 жылғы маусымда Үкімет Firebird және NVIDIA компанияларының қатысуымен ЖИ мен цифрлық инфрақұрылым саласында жалпы көлемі 10 млрд долларға дейінгі рамалық келісімдер пакетін жариялады. Жоба аясында болашақта 100 мыңға дейін графикалық процессорды біріктіретін есептеу кластерін құру көзделген.

Бастаманың негізгі бөлігі Екібастұздағы Data Center Valley жобасы болмақ. Алғашқы кезеңде алаңға 300 МВт қуат қарастырылған, кейін оны 1 ГВт-қа дейін ұлғайту жоспарланған. NVIDIA мәліметінше, Firebird АҚШ-тан 45 мың NVIDIA Grace Blackwell үдеткішін жеткізуге экспорттық лицензия алған.

Деректер орталықтары кешенінің алғашқы кезегі «Қазақтелекоммен» бірлесіп салынып жатыр. Оны 2027 жылдың үшінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Екінші кезеңде Firebird кластерінің өз қуатын 500 МВт-қа дейін жеткізу көзделіп отыр.

Есептеу қуатын сыртқы нарыққа қалай ұсынады?

Al Jazeera шолуында ірі деректер орталықтарына көп мөлшерде электр энергиясы, ал жабдықты салқындатуға су қажет екені айтылады. Қазақстан үшін тағы бір мәселе - деректерді шетелдік тұтынушыларға кідіріссіз жеткізу.

Осы міндетті шешуге Каспий теңізінің түбімен Қазақстан мен Әзербайжанды жалғайтын талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр. Жоба Астана мен Екібастұздағы есептеу орталықтарын Еуропадағы интернет-трафик алмасу тораптарымен байланыстырып, сигнал кідірісін азайтуға мүмкіндік береді.

Деректер орталықтары сервер орналастыру мен есептеу қуатын ұсынудан кіріс таба алады. Ал қосылған құны жоғары бағыт – ЖИ модельдерін әзірлеу, зияткерлік меншік құқығын иелену және дайын өнімді сыртқы нарыққа шығару.

Қазақстанның цифрлық саласында қандай негіз бар?

Қазақстан 2025 жылғы Network Readiness Index рейтингінде 65-орын алып, Орталық Азия елдері арасында ең жоғары көрсеткішке ие болды. БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде ел 193 мемлекеттің ішінде 24-орынға, ал онлайн қызметтерді дамыту бойынша алғашқы ондыққа енген. Үкіметтердің ЖИ енгізуге дайындығы жөніндегі халықаралық индексте де Қазақстан Орталық Азияда бірінші орында тұр.

Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа көшірілген. Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 2020 жылғы 33,5 млн доллардан 2025 жылы 1,142 млрд долларға дейін өсті.

ЖИ индустриясын дамыту үшін есептеу қуатымен бірге нейрондық желілерді жобалайтын, модельдерді қолданысқа енгізіп, жұмысын сүйемелдейтін және ірі есептеу кластерлерін басқара алатын мамандар қажет.

Higgsfield тәжірибесі нені көрсетеді?

Жасанды интеллект арқылы видео жасау құралдарын әзірлейтін Higgsfield стартапының Қазақстандағы инженерлік және шығармашылық командаларында 300-ден астам маман жұмыс істейді. 2026 жылғы тамызда компания Series B инвестициялық раундында 400 млн доллар тартты. Сол кезде компанияның құны 5,4 млрд долларға бағаланды. Қазанда Higgsfield NVIDIA мен TCV венчурлік компаниясынан қосымша инвестиция алғанын хабарлады.

Дженсен Хуанг Астанаға сапарында осы компанияны мысалға келтіріп, жергілікті әзірлеушілер мен мамандар даярлауға инвестиция салудың маңызын атап өтті. Қазақстанда осындай жобалардың көбеюі техникалық білім сапасына, стартаптардың суперкомпьютерлерге қол жеткізуіне және әзірленген өнімнің зияткерлік меншік құқығын елде сақтай алуына байланысты.

Жасанды интеллект өндірісте қандай нәтиже бере алады?

Euronews шолуында Қазақстан үшін ЖИ жобаларын сынақтан өткізу кезеңінен өндірісте кеңінен қолдануға көшу маңызды екені айтылады. Үкіметтің болжамынша, отын-энергетика кешенінде ЖИ қолданудың жылдық экономикалық әсері 23 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Бұл нәтиже жабдықтың ақауын алдын ала анықтау, апаттардың алдын алу және өндіру процесін оңтайландыру есебінен күтіледі.

ЖИ алгоритмдері жүк тасымалының бағытын оңтайландыруға, шекара тораптарындағы кідірісті азайтуға және металлургия кәсіпорындарында энергияны тиімді пайдалануға да көмектесе алады. Нақты экономикалық әсер жобалар коммерциялық қолданысқа өткеннен кейін, үнемделген қаражатты жабдыққа кеткен шығынмен салыстыру арқылы бағаланады.

Қазақстанда 2029 жылға дейінгі жасанды интеллектіні дамытудың кешенді жоспары қабылданған. Astana Hub экожүйесі мен білім беру бағдарламалары арқылы мамандар даярлау жүріп жатыр. MagniSoz және Oylan ұлттық тілдік модельдері әзірленуде. Ел 2030 жылға қарай құны кемінде 1 млрд долларға бағаланатын бес технологиялық компания қалыптастыруды көздеп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Қазақстан ЖИ-ді коммерцияландыру, активтерді токенизациялау, блокчейн технологиялары мен цифрлық платформаларды дамыту жұмысын енді бастап жатқанын айтты. Осыған байланысты цифрлық технологияларды экономикада іс жүзінде қолдану бағдарламасын әзірлеу қажет екенін атап өтті. Бұл жұмыстың нәтижесі отандық ЖИ өнімдерінің экспортынан, кәсіпорындардағы шығынның қысқаруынан және еңбек өнімділігінің өсуінен көрінеді.

Наверх