Қазақстанның 51 университеті Азияның үздік оқу орындары рейтингіне енді. Қандай ЖОО алға шықты?

QS Asia 2027: Қазақстанның үш университеті Азияның үздік 100-дігіне енді.

4 Қараша 2026, 12:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 4 Қараша 2026, 12:30
4 Қараша 2026, 12:30
247
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан QS Asia University Rankings 2027 Азияның үздік университеттері рейтингінде өз рекордын жаңартты.

Халықаралық QS Quacquarelli Symonds компаниясы 3 қарашада жариялаған нәтижелерге сәйкес, бұл тізімге 51 қазақстандық жоғары оқу орны енді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті ЖОО-ға артық.

Назарбаев Университеті ең үлкен серпіліс жасап, 201-орыннан бірден 62 сатыға көтеріліп, 139-орынға табан тіреді. Қазақстандық ЖОО-лар арасында көш бастап тұрған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұрынғыша ең жоғары позицияда: ол 26 ел мен аумақтың 1 722 университеті арасында 46-орынды иеленді. Сонымен қатар, рейтингте ҚазҰУ енді «Farabi University» деген жаңа атаумен көрсетілген.

Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы орнын сақтап қалды. Азиялық рейтингтің үздік жүздігіне бұл аймақтан тек Қазақстанның үш ЖОО-сы енген: ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (62-орын) және Satbayev University (89-орын).

«Биылғы рейтинг бұрын-соңды болмағандай тартысты өтті және ол әлемдік жоғары білім беру саласын қалыптастырып отырған аймақ үшін маңызды бағдар бола алады», – деді QS аға вице-президенті Бен Соутер.

Қазақстанның үздік ондығы

Үздік үштіктен кейін төмендегі оқу орындары орналасқан:

  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (138-орын)

  • Назарбаев Университеті (139-орын)

  • Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті (185-орын)

  • Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (189-орын)

  • Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті (202-орын)

  • Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (227-орын)

  • Нархоз Университеті (276-орын)

Жалпы алғанда, алғашқы 400 орынның қатарына 17 қазақстандық ЖОО кірді. Рейтингке енген университеттер еліміздің 19 қаласында орналасқан.

Рейтинг қалай жасалады?

Университеттің рейтингтегі орнына ең көп әсер ететін критерийлер – академиялық бедел және жұмыс берушілер арасындағы бедел (әрқайсысы 30%-дан). Тағы 10%-дан: оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы, бір басылымға шаққандағы сілтеме саны және халықаралық ғылыми байланыстар индексі береді. Қалған пайыздарды ғылыми дәрежесі бар оқытушылар үлесі, бір оқытушыға шаққандағы мақалалар саны, шетелдік оқытушылар мен студенттер үлесі және студенттердің академиялық мобильділігі өзара бөліседі.

Қазақстан QS-тың басқа рейтингтерінде

Қазіргі уақытта QS әлемдік университеттер рейтингінде 18 қазақстандық ЖОО бар (өткен жылы 20 болған). Пәндік рейтингтерде олардың саны 11-ден 13-ке, ал тұрақты даму рейтингінде 17-ден 23-ке өсті. QS Stars бағалау бағдарламасына 33 ЖОО қатысуда (бір жыл бұрын — 26). Ал MBA бағдарламаларының рейтингінде бұрынғыдай үш қазақстандық университет сақталып отыр.

Наверх