Аида Балаева: Біз үшін ең бастысы аударманың испан оқырмандарының жүрегіне жол табуы

28 Қыркүйек 2019, 11:31
2546
Бөлісу:
Аида Балаева: Біз үшін ең бастысы аударманың испан оқырмандарының жүрегіне жол табуы
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сервантес институтының (Мадрид, Испания) штаб-пәтерінде қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясының испан тіліндегі антологиясы таныстырылды.

Тұсаукесерге танымал испан жазушылары, аудармашылар, филологтар, журналистер, сондай-ақ Испаниядағы Қазақстан достары клубының мүшелері қатысты. Қазақстан тарапынан шараға ҚР Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, Ұлыбританиядағы ҚР төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты.

ae8225ab-ec8a-4574-a6fc-6b302d040e45.jpg

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылған бұл жобаның стратегиялық серіктесі - Испанияның Мәдениет министрлігі, жобаның шығармашылық кеңесшісі - Сервантес институты. Қазіргі қазақ әдебиетінің екі антологиясын испан тіліне әдеби аударған, басып шығарған және таратқан - «Visor-Libros» баспа үйі. 

Серіктестердің қолдауымен жинақты дайындауға ең жақсы әдеби аударма мамандары тартылды. Солардың бірі - испан корольдік отбасының аудармашысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мария Санчес Пуиг. Ол қазақ прозасының антологиясын испан оқырманына ұсынып, оның алғысөзін жазды. Испантілді әлемге қазіргі қазақ поэзиясын танымал испан ақыны, филолог, Король академиясының академигі Луис Альберто де Куэнко ұсынды. Сервантес институтының жетекшісі Роса Леон атап өткендей, оның әріптестері мен өзі Қазақстанның әлемді өзінің мәдениеті мен әдебиетімен таныстыруға деген ұмтылысын қолдайды. 

ba5fa7bc-0bd2-48c6-b2ca-569d212199c7.jpg

«Қазақ оқырмандары біздің ұлы жазушыларымызбен, ақындарымыз бен суретшілерімізбен жақсы таныс деп сенемін. Біз оларды бүкіл әлем тануы үшін көптеген жұмыстар атқардық. Бірақ, нағыз достық пен түсіністік үшін екіжақты мәдени алмасу болуы қажет. Сондықтан, осындай жинақтың басып шығарылуы біз үшін аса маңызды», - деді Роса Леон. 

Қазіргі қазақ прозасының антологиясы мен қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы 10 мың дана тиражбен испан тілінде жарық көрді. Таралым Испания кітапханаларында, оқу орындарында және академиялық орталықтарында, сондай-ақ 600 миллион адамға арналған аудиториясы бар Латын Америкасының 18 еліне тарайды.

590200fe-459c-46fc-837f-c40564db7a8c.jpg

«Қазақ әдебиеті антологиясын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және жариялау - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бөлігі. Бағдарлама жобаларының бірі «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» деп аталады. Оның міндеті – қазіргі Қазақстанды мәдениет арқылы әлемге таныту. Сондықтан, біз үшін ең бастысы аударманың испан оқырмандарының жүрегіне жол табатын жоғары көркемдік сапасына қол жеткізу болды. Ол үшін аудармашылар Қазақстанға келіп, авторлармен, біздің елімізбен және мәдениетімізбен танысты. Олар біздің достық қарым-қатынасымызға арқау болды. Мұндай ынтымақтастық қазақ және испан мәдениеттерін одан әрі жақындастыруға, мемлекеттер арасындағы қатынастарды нығайтуға қызмет етеді деп сенеміз», - деді Аида Балаева. 

2e5aa42b-73b1-4e57-b27d-aaf94bfd8af5.jpg

 Заманауи қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінің БҰҰ 6 тіліне аудармасы «Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жоба, өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты саналады. «Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет» жобасының міндеті – қазіргі заманғы Қазақстанның әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы мәдени қазынасын әлем жұртшылығына таныстыру. 

Өзгелердің жаңалығы