Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Агроэкспорт пен инвестиция өсімі: Қазақстан–Иран серіктестігі қалай күшейіп келеді

Бүгiн, 07:30
297
Бөлісу:
 shutterstock
Фото: shutterstock

10-11 желтоқсан күндері Астанаға Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан ресми сапары аясында қазақ-иран диалогына тағы да қызығушылық туындады. Иранның сыртқы саясатындағы қиын-қыстау кезеңге қарамастан, Қазақстанмен арадағы экономикалық серіктестік соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді: агроэкспорт көлемі еселеп өсіп, өзара инвестициялар артты, ал логистикалық жобалар екі елдің аймақтық байланыстарын кеңейтуге жол ашып отыр.

Сауда айналымының күрт ұлғаюы мен жаңа келісімдердің жасалуы – Астана мен Тегеранның ұзақ мерзімді әріптестікті жүйелі түрде нығайтып жатқанын көрсетеді.

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 29 қаңтарда орнады. Содан бері екі ел арасындағы ынтымақтастық біртіндеп кеңейіп келеді. 1993 жылдан бастап Қазақстанның Ирандағы елшілігі жұмыс істейді, ал 2007 жылы Горганда, 2018 жылы Бендер-Аббас қаласында бас консулдықтар ашылды. Иранның Қазақстандағы елшілігі 1992 жылы ашылған, кейін Ақтауда (2009 ж.) және Алматыда (2012 ж.) бас консулдықтар ашылды.

Экономикалық зерттеулер институты Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының сарапшысы Жанара Берікқызының мәлімдеуінше, экономикалық өзара әрекеттестік сауда, инвестициялық жобалар, агроөнеркәсіптік кешен және көлік-логистика инфрақұрылымын қамтиды. Бұл бағыттар өзара тиімді серіктестікті нығайтып, екіжақты тауар айналымының тұрақты өсіміне ықпал етіп келеді.

Консулдық саладағы ынтымақтастық та белсенді дамуда. 2022 жылы екі ел азаматтары үшін 14 күнге дейін визасыз режим енгізілді. Консулдық консультациялар шеңберіндегі тұрақты кездесулер азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін талқылауға, сондай-ақ виза және консулдық рәсімдерді жетілдіруге мүмкіндік береді, - дейді Жанара Берікқызы.

Айтуынша, осы дипломатиялық және консулдық тетіктер Қазақстан мен Иран арасындағы экономикалық, инвестициялық және сауда ынтымақтастығын әрі қарай кеңейтуге, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, көлік және инфрақұрылым саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз қалайды.

Ираннан Қазақстанға инвестиция 26%-ға өсті

Ал 2025 жылы Ираннан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 17,8 млн долларды құрады. Бұл 2024 жылғы 14,1 млн доллармен салыстырғанда 3,7 млн долларға немесе 26,24%-ға артық. Көрсеткіш көлем жағынан аса үлкен болмаса да, инвестициялық ынтымақтастықтың тұрақты кеңейіп келе жатқанын айғақтайды.

2025 жылдың ақпан айында Қазақстан мен Иран жалпы құны 92,8 млн доллар болатын 10 коммерциялық келісімге қол қойды. Бұл Тегеранда өткен ірі бизнес-форум аясында жүзеге асты. Форумға 50-ден аса қазақстандық кәсіпкер мен 230-дан астам ирандық бизнес өкілі қатысты. Іс-шарада Қазақстан Иран нарығына 250 млн доллар көлемінде 75 түрлі өнім жеткізе алатынын атап өтті, - деді Экономикалық зерттеулер институты Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының сарапшысы.

Тауар айналымы – 310,8 млн доллар

2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 310,8 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,9%-ға жоғары. Оның ішінде экспорт – 178,8 млн доллар (өсім 3,2 есе), импорт – 132,1 млн доллар (16,5%-ға төмендеу).

Экономикалық зерттеулер институты Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының аға сарапшысы Меруерт Манапова экспорт құрылымында арпа ерекше үлес алады деп отыр. Иранға жеткізілім 5,5 есеге артқан. Сондай-ақ мақта талшығы, бидай және бұршақ дақылдарының экспорты өскен.

Импорттың негізгі баптары: сары май, этилен полимерлері, ірімшік, сүзбе, пластмассадан жасалған плиталар және кептірілген жемістер.

Астық тасымалдауда "Амирабад" портының рөлі өсіп келеді

Иранның Амирабад портындағы "Amiarabad Grain Terminal Kish" терминалы қазақстандық астықтың өсіп келе жатқан көлемін қабылдап, қайта тиеуде маңызды рөл атқарып отыр.

Сондай-ақ күнбағыс майын экспорттауды ұлғайту мәселесі талқыланды. Бұл мақсатта Құрық және Ақтау порттарында май құятын терминалдар салу жоспарланып отыр. Бұл экспорттық маршруттардың өткізу қабілетін арттырады және логистиканы тиімді етеді, - дейді Меруерт Манапова.

Инвестициялық жобалар: Solico Group, Kourosh Food және отандық серіктестер

Қазақстанда "Империя Фуд" және"Kaz-Ir Agro" сынды бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жаңа жобалар талқылануда. Solico Group және Kourosh Food Industry компаниялары тарапынан қызығушылық жоғары.

Иран жыл сайын 25 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттайды. Бұл елдің транзиттік инфрақұрылымын пайдалана отырып, Қазақстан үшін үшінші елдердің нарықтарына шығу мүмкіндігі кеңейеді. Тараптар АӨК саласындағы серіктестікті жүйелі түрде дамытуға ниетті екенін растады, - деп түсіндірді бас сарапшы.

Екі ел арасындағы сауда, агроэкспорт және инвестициялық ынтымақтастық айтарлықтай қарқын алып келеді. Бірлескен жобалар мен логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюі Қазақстан мен Иран арасындағы ұзақ мерзімді, тұрақты және стратегиялық серіктестіктің нығаюына негіз қалайды.

Өзгелердің жаңалығы