Премьер-министр Олжас Бектенов AI & Digital Bridge 2026 форумында ұсынылған цифрлық шешімдермен танысып, AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарына марапаттар табыстады.
Премьер-министрге түрлі салаларда қолдануға арналған отандық технологиялық компаниялар мен ұйымдардың жасанды интеллект негізіндегі әзірлемелері таныстырылды.
Білім беру саласында QAIRU ЖИ университетінің оқу үдерісін бейне және аудио арқылы талдау шешімдері, AI-тьютор және білім алушылардың оқу үлгерімін талдау құралдары, сондай-ақ шағын жинақты мектептердегі әр оқушының оқу деңгейі мен қажеттілігіне бейімделетін жасанды интеллект негізіндегі онлайн оқыту жүйесі ұсынылды.
Қаржы секторында Kaspi.kz маркетплейсі экожүйесіне ықпалдастырылған Kasper интеллектуалды AI-ассистенті және Halyk Bank әзірлеген жасанды интеллект негізінде қызметкерлердің құзыреттерін дамыту моделі таныстырылды.
Қаржылық операциялардағы ауытқуларды анықтау және дропперлік әрекеттердің жолын кесу бағытында Freedom Holding компаниясының AI-Compliance платформасы ұсынылды. Өнеркәсіп саласында «Самұрық-Қазына» тобына қарасты компаниялардың жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірлеген шешімдері таныстырылды. Атап айтқанда, ҚазМұнайГаз ұсынған цифрлық телнұсқалар мен ҚТЖ компаниясының SMART-диагностика жүйесі ұсынылды. Сондай-ақ түрлі салаларға арналған Alem AI Platform, QazBot Technologies, Trusted Kazakhstan және QazEta сияқты цифрлық өнімдер көрсетілді.