«Қазгидромет» мәліметінше, 30 қыркүйекте Қазақстанның бірқатар өңірінде қатты жел, найзағай, тұман және үсік күтіледі. Сонымен қатар еліміздің едәуір бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу облысында солтүстік-шығыстан жел соғады. Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін. Облыста төтенше өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысында күндіз батыста, оңтүстікте және таулы аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең таулы аудандарда тұман түсуі ықтимал. Оңтүстік-батыста және таулы аудандарда солтүстік-шығыс жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Төтенше өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысында да – солтүстікте, оңтүстікте, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп болжанады. Жел кей жерлерде секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталуда.
Қызылорда облысында түнде шығыста аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыста төтенше өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау облысында түнде батыста және оңтүстікте жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Өңірдің солтүстік-шығысында солтүстік-батыс және шығыс жел секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін. Жекелеген аудандарда жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау облысында синоптиктер жоғары, оңтүстігінде төтенше өрт қаупі бар екенін ескертеді. Батыс Қазақстан облысында түнде және таңертең солтүстікте және шығыста тұман күтіледі, оңтүстік пен шығыста жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысында түнде солтүстікте 2 градусқа дейін үсік жүреді деп болжанып отыр. Шығысында жоғары, ал батыста, оңтүстікте, солтүстік-шығыста және орталықта төтенше өрт қаупі сақталады.
Қостанай облысында түнде және таңертең батыста және солтүстікте тұман күтіледі. Өңірдің оңтүстігінде түнде 1 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін, ал күндіз оңтүстік пен шығыста желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал.
Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Абай облысында да секундына 15-20 метрге жететін қатты жел соғады деп күтілуде. Жекелеген аудандарда түнде 2-4 градусқа дейін үсік болады.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер Қазақстанда қазан айында ауа райы қандай болатынын хабарлады.
Сондай-ақ, 2026 жылдың қазан айында қазақстандықтар неше күн демалатыны хабарланды.
Ал қыркүйек айында қазақстандықтарда ресми мереке күндері болған жоқ. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде азаматтар сегіз күн демалса, алты күндік жұмыс аптасында тек төрт күн демалды.