2027 жылдан бастап кәмелетке толған азаматтар декларация тапсырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті дамыту» тақырыбында өтіп жатқан форумда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметі басшысының орынбасары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет подполковнигі Жігер Байділдин айтты.
Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы дамыту, жетілдіру және оның алдын алу, құқықтық олқылықтардың орнын толтыру бойынша түзетулер жасалғанын айтты.
Қабылданатын заңдағы негізгі новеллалардың бірі - негізсіз баю мәселесі. Бұл - сыбайлас жемқорлыққа төтеп берудің негізгі бөлігі. 2020 жылы мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары (зайыптары) өздерінің активтері және міндеттемелері туралы жалпылама декларация тапсырған болатын. Заң жеке тұлғалардың салық салуға байланысты декларацияларында көрсетілген шығыстарымен қарастырып жатыр. Егер алшақтық болса, онда олар 10 пайыз көлемінде, яғни асып кеткен сомадан жеке бас табыс салығын төлейді. Егер шенеуніктердің негізсіз баюын көрсек, декларацияларында асып кеткен жалпылама сомадан асып кеткен қаржының 10 пайызын төлеуге тиіс. 10 пайыздық салықты өндіріп алумен бірге, мемқызметшілердің және оларға теңестірілген тұлғалардың жауапкершілігі санкцияларды енгізу арқылы күшейтіліп отыр. Сондай-ақ шенеуніктің кірісі мен шығысы сәйкес келмеген жағдайда оның шығысының заңдылығын қарастыру 2027 жылға дейінгі мерзімге дейін айқындалған болатын. Осы кезеңнен бастап тұрғындардың мүлкі және активтері жөнінде қараймыз. Өйткені 2027 жылдан бастап кәмелетке толған азаматтың барлығы декларация тапсырады, - дейді Жігер Байділдин форумда.
Сөзінше, 2026 жылдан бастап олар кірісі және мүлкі жөнінде декларация тапсырады. Сонымен бірге активтер мен міндеттемелер бойыншы бірінші есепті жыл тексеруге жатпайды. Тек 2027 жылдан бастап шығыс-кіріс бөліктері салыстырыла бастайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметімен бірге декларацияны тапсыру квазисектор субъектілерінің декларацияны тапсыруын қадағалайды, - деп толықтырды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметі басшысының орынбасары.
Айта кетейік, бүгін елордада жемқорлықтың алдын алуға арналған форум өтіп жатыр. Форум барысында «Бизнеске жол» жобасы басталғалы 5 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалғаны анықталды.