Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу жеңілдеді: Емтиханды енді шектеусіз тапсыруға болады

Алғашқы үш әрекет тегін, төртіншісінен бастап емтихан ақылы болады. Сондай-ақ көлікті қайта рәсімдеу талаптары жеңілдетілді.

 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 16 Қараша 2026, 13:39
16 Қараша 2026, 13:39
47
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды шектеусіз рет тапсыруға рұқсат берілді. Алайда төртінші әрекеттен бастап әрбір қайта тапсыру ақылы болады. Ішкі істер министрлігі емтихандар арасындағы күту мерзімін де қайта қарап, автокөлікті тіркеу тәртібін жеңілдетті.

Емтиханды қайта тапсыру тәртібі қандай?

Жүргізуші куәлігін алуға үміткер азаматтар емтиханды алғашқы әрекеттен тапсыра алмаса, келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Ал екінші рет те сәтсіздікке ұшыраған жағдайда, келесі емтиханға дейін 10 күн күтуі керек.

Алғашқы үш әрекет тегін. Төртінші реттен бастап емтиханды қайта тапсырғаны үшін ақы төлеу қажет. Әрекет санына шектеу қойылмайды, – деп түсіндірді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.

Бұған дейін болашақ жүргізуші автодромдағы практикалық емтиханнан үш рет өте алмаса, теориялық емтиханды қайта тапсыруға мәжбүр болатын. Енді бұл талап алынып тасталды.

Ақтоты Боранованың түсіндіруінше, тапсырылған теориялық емтихан нәтижесі бір жыл бойы жарамды болады. Осы уақыт ішінде үміткер тек көлік жүргізу бойынша практикалық емтиханды қайта тапсыра алады.

Емтиханда телефон қолданғандарға қандай жаза бар?

Емтихан кезінде шпаргалка пайдалануға немесе телефон арқылы көмек алуға тырысатындарға қойылатын талап күшейтілді.

ІІМ мәліметінше, үміткердің шпаргалка не телефон қолданғаны анықталса, емтихан бірден тоқтатылады және нәтиже тапсырылмаған деп есептеледі. Мұндай жағдайда теориялық емтиханды қайта тапсыруға тек бір жылдан кейін ғана рұқсат етіледі.

Сонымен қатар емтихан нәтижесімен келіспеген азаматтар оны даулауға құқылы. Шағымдарды полиция, арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары мен автомектеп өкілдерінен құралған комиссия қарайды.

Айыппұл болса да, көлікті қайта рәсімдеуге болады

Енді қазақстандықтар жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін төленбеген айыппұлдары болса да, автокөлікті өз атына қайта рәсімдей алады. Алайда көліктің іздеуде болуы, оған қойылған тыйымдар мен өзге де шектеулерді тексеру талабы сақталады.

Құжаттарды рәсімдеу тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Мәселен, көлікті қайта тіркеу кезінде құжатта қате анықталса немесе қандай да бір құжат жетіспесе, азамат өтінішті қайта тапсырмай-ақ, кемшілікті сол жерде түзете алады.

Арнайы мемлекеттік нөмірлерге тапсырыс беру бір сағат ішінде орындалады.

Ал конструкциясына өзгеріс енгізілген автокөліктердің иелері өзгерістердің қауіпсіздігі туралы куәлігі болса, көлікті қосымша тексеруге ұсынуға міндетті емес.

Өз қолымен жасалған тіркемені тіркеу үшін сынақтан өтіп, оған сәйкестендіру нөмірі берілгені туралы құжат пен конструкция қауіпсіздігі жөніндегі куәлікті алу қажет.

Наверх