- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Үшінші әйел, тыңшылық күдігі мен миллиардтар: Дженсен Хуанг дауы қалай өрбіп жатыр?
Үшінші әйел, тыңшылық күдігі мен миллиардтар: Дженсен Хуанг дауы қалай өрбіп жатыр?
Әлемдік жасанды интеллект нарығындағы ең ықпалды компаниялардың бірі – Nvidia.
16 Қараша 2026, 12:45
Әлемдік алпауыттың басшысы неге қызметінен кетті?
Дженсен Хуанг – Nvidia компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі оны әлемдік технология алпауытына айналдырған тұлға. 1993 жылы құрылған компания бастапқыда компьютерлік графикаға арналған процессорлар шығарумен айналысты. Ал кейінгі жылдары жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы Nvidia-ны әлемдегі ең қымбат компаниялардың қатарына қосты. Алайда биыл қазан айының соңында басталған дау Хуангтың 33 жылдық басшылық қызметіне нүкте қойды.
Алғашқы ақпаратты The New York Times жариялады. Басылым Хуангтың Сингапурда тіркелген Megaspeed International компаниясының бұрынғы жетекшісі Элис Хуангпен жеке қарым-қатынасы болғанын жазды. Ең үлкен дау әйелдің жеке басына қатысты емес, оның Қытай барлау қызметімен ықтимал байланысы жөніндегі күдіктен туындады.
АҚШ барлау органдары Элис Хуангтың Қытай мүддесіне жұмыс істеуі мүмкін екенін қарастырып жатыр. Сонымен қатар оның бұрынғы компаниясы америкалық технологияларды Қытайға экспорттық шектеулерді айналып өтіп жеткізуге қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген. Бұл ақпарат жарияланғаннан кейін Nvidia басшысының ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты шешімдеріне ықпал жасалған-жасалмағаны жөнінде сұрақтар көбейді.
8 қарашада Дженсен Хуанг компания қызметкерлеріне арнайы хат жолдап, жұбайына опасыздық жасағанын мойындады.
«Мен жұбайыма адал болмадым. Бұл әрекетім оған және балаларымызға ауыр тиді. Мұны ақтайтын ешқандай себеп жоқ. Шын жүректен кешірім сұраймын», – делінген Nvidia-ның ресми сайтында жарияланған хатта.
Хуанг өзінің әрекеті үшін жауапкершілікті мойнына алатынын және компаниядағы тәуелсіз тергеуге көмектесетінін де мәлімдеді. Дегенмен арада төрт күн өткен соң, 12 қарашада Nvidia директорлар кеңесі Хуангтың бас директор, президент және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерінен кеткенін жариялады. АҚШ Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясына ұсынылған құжат бойынша, оның отставкасы 11 қарашада қабылданған. Компанияның уақытша басшысы болып қаржы директоры Колетт Кресс тағайындалды. Ал директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне Харви Джонс келді.
«Үшінші әйелі белгілі болды» деген ақпарат рас па?
Хуангтың отставкасынан кейін халықаралық басылымдар оның жеке өміріне қатысты жаңа мәліметтер жариялады. Reuters агенттігінің 12 қарашадағы зерттеуіне сәйкес, Хуангтың некеден тыс үш қарым-қатынасы болғаны жөнінде ақпарат тараған. Басылым Элис Хуангтан бөлек, Nvidia компаниясының денсаулық сақтау бағыты бойынша вице-президенті Кимберли Пауэллмен де жақын қарым-қатынасы болғанын хабарлады.
Агенттік тағы бір қызметкермен байланысы туралы мәлімет алғанымен, әйелдің есімін жариялаған жоқ. Ақпарат екі дереккөзге сүйеніп таратылған. Алайда бұл жерде маңызды мәселені ажырату қажет. Әлеуметтік желілердегі «Хуангтың үшінші әйелі табылды» деген ақпарат шындыққа сай емес. Әңгіме оның үшінші заңды жұбайы туралы емес, некеден тыс болғаны айтылған үшінші қарым-қатынас жөнінде болып отыр. Оның үстіне Хуангтың өзі кешірім хатында қандай да бір әйелдің есімін атамаған және жеке қарым-қатынастарының саны туралы мәліметті растаған жоқ.
Тыңшылық күдігі қаншалықты негізді?
Бұл оқиғадағы ең күрделі мәселе – АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсеке. Nvidia әзірлейтін жоғары өнімді процессорлар жасанды интеллект модельдерін үйретуге, ірі деректерді өңдеуге және суперкомпьютерлерді дамытуға пайдаланылады. Сондықтан мұндай технологиялардың Қытайға жеткізілуі АҚШ-та ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырылады.
Элис Хуанг басшылық еткен Megaspeed компаниясы осы технологияларға қол жеткізу жолдарын іздеген деген күдікке ілінген. Бірақ мұнда айыптау мен дәлелденген фактінің ара-жігін ажыратқан жөн. 12 қарашада Сингапурдың Ішкі істер министрлігі арнайы мәлімдеме жариялады. Онда Элис Хуангқа қатысты жүргізілген тергеудің егжей-тегжейі түсіндірілген. Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылғы ақпанда Megaspeed және бірқатар компания серверлерді сатып алу кезінде жалған мәлімет ұсынуы мүмкін деген күдікпен тексерілген.
Ал 2026 жылғы ақпанда Сингапур полициясы Элис Хуангтың осы ықтимал заңбұзушылықтарға қатысы барын дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз деген қорытындыға келген. Дегенмен тергеу кезінде компаниядағы рөлі жөнінде қате ақпарат бергені үшін оған қатаң ескерту жасалып, Сингапурға қайта кіруге тыйым салынған.
Nvidia акциялары неге құлдырады?
Жанжал технология нарығына да әсер етті. 29 қазанда Nvidia акцияларының бір данасы 213,66 доллар болған. Ал 13 қарашадағы сауда қорытындысында баға 162,85 долларға дейін төмендеді. Осылайша, шамамен екі апта ішінде компания акциялары 23,8 пайызға арзандаған. Дегенмен бұл құлдыраудың барлығын Хуангтың жеке өміріндегі жанжалмен байланыстыру дұрыс емес. Бұған дейін де инвесторлар жасанды интеллект инфрақұрылымына жұмсалып жатқан орасан зор қаржының қаншалықты ақталатынына күмән келтіріп жүрген.
Хуанг төңірегіндегі дау сол алаңдаушылықты одан әрі күшейтті. Бірақ акция бағасының төмендеуі компания банкротқа ұшырады дегенді білдірмейді. Nvidia-ның 2026 жылғы 26 тамызда жарияланған қаржылық есебіне сүйенсек, компанияның тоқсандық табысы 96,2 миллиард долларға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106 пайызға жоғары. Оның ішінде деректер орталықтары бағытынан түскен табыс 89 миллиард долларға жеткен. Яғни Nvidia-ның іргелі бизнесі мен жасанды интеллект процессорларына деген сұраныс сақталып отыр. Алайда басшылықтағы өзгерістер мен тергеу нәтижелері компанияның алдағы стратегиясына әсер етуі мүмкін.
17 қарашада Nvidia кезекті тоқсандық қаржы есебін жариялауды жоспарлап отыр. Инвесторлар осы есептен компаниядағы жағдайдың нақты бизнес көрсеткіштеріне қаншалықты әсер еткенін бағалауға тырысады.
Жасанды интеллект тоқтап қалмай ма?
Бүгінде ChatGPT, Gemini және басқа да көптеген жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуі үшін қуатты есептеу инфрақұрылымы қажет. Осындай инфрақұрылымның маңызды бөлігінде Nvidia технологиялары қолданылады. Сондықтан әлемдегі ең ірі чип өндірушілердің біріндегі басшылық ауысуы бүкіл сала үшін маңызды. Алайда Хуангтың қызметінен кетуі жасанды интеллект сервистері тоқтайды деген сөз емес.
Біріншіден, Nvidia-да мыңдаған инженер мен зерттеушіден тұратын кәсіби команда бар. Компанияның технологиялық жобалары тек бір адамның жұмысына тәуелді емес.
Екіншіден, жасанды интеллект инфрақұрылымы бұрыннан шығарылған және қазір жұмыс істеп тұрған процессорларға сүйенеді. Басшылық ауысқаны үшін олардың жұмысы тоқтап қалмайды.
Үшіншіден, Nvidia халықаралық компаниялармен ұзақ мерзімді келісімдер арқылы жұмыс істейді. Мұндай міндеттемелер басшының ауысуына байланысты автоматты түрде жойылмайды. Компанияның жаңа уақытша басшысы Колетт Кресс те клиенттер алдындағы міндеттемелер мен технологиялық жоспарларды жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Дегенмен тәуекел жоқ емес.
Хуанг Nvidia-ның технологиялық стратегиясын қалыптастырумен қатар, ірі инвесторлармен, мемлекет басшыларымен және жасанды интеллект әзірлеушілерімен келіссөздерге тікелей қатысып келді. Оның кетуі жаңа инвестициялық шешімдердің қабылдануына, технологиялық әріптестіктерге және компанияның Қытай нарығына қатысты саясатына ықпал етуі мүмкін. Әсіресе АҚШ билігі озық процессорлардың экспортына қойылатын шектеулерді күшейтсе, бұл әлемдік ЖИ инфрақұрылымының даму қарқынына әсер етуі ықтимал.
Қазақстанмен жасалған 10 миллиард долларлық келісім не болады?
Nvidia төңірегіндегі дау Қазақстан үшін де маңызды. Өйткені еліміз америкалық технологиялық компаниялармен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобаларды қолға алған. 2026 жылғы 15 маусымда Қазақстан Үкіметі Firebird және Nvidia компанияларымен ынтымақтастық аясында жалпы құны 10 миллиард доллар болатын келісімдер пакеті жасалғанын жариялады.
Бұл бастамалардың негізгі бағыты – Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, жоғары өнімді есептеу жүйелерін орналастыру және Қазақстанда жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру. Жобаны іске асыруға Firebird, «Қазақтелеком» құрылымдары және технологиялық серіктестер қатысады. Алайда 10 миллиард долларды Nvidia компаниясының Қазақстанға тікелей салатын инвестициясы деп түсіндіру дұрыс емес. Бұл – бірнеше тараптың қатысуымен жүзеге асырылатын келісімдер пакетінің жалпы көлемі.
Илон Маск неге Хуангты қолдап отыр?
Дженсен Хуанг төңірегіндегі дау қоғамда екіұдай пікір туғызды. Бір тарап оның жеке өміріндегі қателіктері мен қауіпсіздікке қатысты күдіктері компанияның мүддесіне нұқсан келтірді деп санайды. Екінші тарап Хуангтың Nvidia-ны әлемдік технология көшбасшысына айналдырудағы еңбегін ескеруді талап етеді. Хуангты қызметіне қайтаруды қолдайтын онлайн петиция да пайда болды.
South China Morning Post басылымының 15 қарашадағы дерегінше, бастамаға 136 мыңнан астам адам қол қойған. Қолдаушылар арасында Tesla және SpaceX басшысы Илон Маск, сондай-ақ технология саласындағы басқа да кәсіпкерлер бар. Олар Хуангқа қатысты тәуелсіз тергеу толық аяқталғанға дейін оның компанияға қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығармау керек деп есептейді. Алайда петицияға қол қойған адамдардың барлығының жеке басы расталған жоқ. Сондықтан бұл көрсеткішті бүкіл технология қауымдастығының ортақ ұстанымы деп бағалау қиын.
Әлемдік технология нарығын не күтіп тұр?
Nvidia төңірегіндегі жағдай бір ғана адамның жеке өміріндегі жанжалдан әлдеқайда ауқымды мәселеге айналды. Қазіргі таңда мемлекеттер жасанды интеллект технологияларын дамыту үшін миллиардтаған доллар инвестиция салып жатыр. Ал озық процессорлар мен есептеу қуаттарына қол жеткізу экономикалық бәсекенің ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің де маңызды бөлігіне айналған.
Осы тұрғыдан алғанда, Nvidia-дағы даудың салдары компания басшысын ауыстырумен шектелмеуі мүмкін. Бір жағынан, компанияның қаржылық көрсеткіштері мен технологиялық мүмкіндіктері оның нарықтағы маңызды орнын сақтап отырғанын көрсетеді. Екінші жағынан, тәуелсіз тергеу, АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық шектеулер және инвесторлардың сенімі алдағы уақытта шешуші рөл атқармақ.
Ең оқылған:
- Трамп, Путин және Си Цзиньпин алғаш рет үшжақты кездесу өткізеді
- Индонезия президенті орман өртінің түтіні үшін Сингапур мен Малайзиядан кешірім сұрады
- Димаш Құдайберген бала күнгі арманын орындады
- Қазақстанда автобусқа балалар арбасымен кіруге тыйым салына ма? Министрлік жауап берді
- Парсы шығанағы елдері Ираннан өтемақы талап етті
Олжас АДАЙ