Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да өткен брифинг кезінде «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында аударылған оқулықтардың бағыты және атауына тоқтала кетті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынған кезде қамтылатын бағыты айтылған болатын. Ол философия, әлеуметтану, тарих, мәдениеттану, тіл білімі, журналистика және экономика. Аталған бағыттың барлығы қамтылды. Жалпы оқулық іріктегенде елдегі ЖОО-лардың талап-тілектерін ескеруге тырыстық. Сол себепті барлық ЖОО өздеріне қажетті оқулықтарға ұсыныс берді. Нәтижесінде 800-ден аса оқулыққа ұсыныс келді, - деп айтты ол.
Рауан Кенжеханұлы айтуынша, ұлттық комиссия жанындағы арнайы жұмыс тобы оқулықтарды қарап, сараптап, аударылуы тиіс оқулықтардың критерийлерін шығарды. Яғни талаптардың негізінде оқулықтар іріктеліп отырды.
Әрине 100 оқулықты бір жылда аудару мүмкін емес. Сондықтан кезең-кезеңімен алғашқы жылы 17 оқулық, кейін 30 оқулық, одан кейінгі жылы тағы 30 оқулық және соңғы жылы қалған 23 оқулық аударылып, жоба мәресіне жетті. Біз алдымен дүниежүзіндегі аударма ұйымдарының жұмыс тәсілін, технологиясын зерттеп көрдік. Кейін оқулық шығаратын алдыңғы қатарлы университеттердің жанындағы баспа үйлерімен және халықаралық баспа ұйымдарымен байланыс орнаттық, - деді Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры.
Ол бұл жобаға қандай мамандар, аудармашылар атсалысқаны туралы сөз қозғады.
Қазақстандағы барлық ЖОО ұстаздарына, басшылықтарына, ғылыми орталықтарға ұсыныс айттық. Одан бөлек, жекелеген мамандармен ақылдасып, жобаның редакциялық алқасы құрылды. Кейін әр кітапқа жауапты ғылыми редакторлар, әдеби редакторлар таңдалды, - деп түсіндірді Рауан Кенжеханұлы.
Оның сөзінше, жобаға 300-ден аса маман қатысқан. Олардың қатарында қазақстандық белгілі ғалымдар, көпке танымал қаламгерлер, қазақ тілінің мамандары, баспагерлер бар.