Мәжіліс депутаты еліміздегі мектептердің сапасына алаңдайтынын айтты

22 Қыркүйек 2021, 13:07
2319
Бөлісу:
Мәжіліс депутаты еліміздегі мектептердің сапасына алаңдайтынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Парламенттің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Бауыржан Сартбаев осындай мәселе көтерді. Сондай-ақ ол Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Депутат халықпен жазғы кездесу аясында білім беру нысандарымен танысып, бірнеше жайттың куәсі болғанын алға тартты. Ол мемлекеттік қаражат есебінен салынған мектеп құрылысының сапасына, білім мазмұнына, оқушылардың сауаттылығын дамытуда пәндік кабинеттердің жабдықталуына құрылыс кезінде мән берілмегендігіне алаңдаушылық білдірді.

Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай 800 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, 5 мың ауыл, аудан және шағын қалалардағы мектеп қайта модернизацияланып, апатты және үш ауысымды білім беру сұрақтары шешілуі тиіс, - деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, 800 жаңа мектептің құрылысы туралы баяндаған Білім және ғылым вице-министрі Б. Асылова: «Білім және ғылым министрлігінде аталған мектептердің құрылысының барысын көру және бақылау, күн сайын мониторниг жүргізу құзыреттілігі жоқ. Бұл туралы бірнеше мәрте айтып келемін. Бізде мектептердің дайындық деңгейін қарайтын тіпті құрылысшы мамандар да жоқ» дегенді алға тартты. Мұндай жауаптан кейін алаңдаушылық одан әрі тереңдей түсті дейді депутат.

Біз жобаланған әрі салынған мектептер мен тұрғындардың нақты қажеттіліктері арасындағы сәйкессіздіктерге өзіміз көз жеткіздік. Халқы тығыз қоныстанған ауданда демографиялық өсімнің болжамдық көрсеткіштеріне сәйкес жаңа типтік жобалар бойынша тұрғындары көп мектептерді салатын уақыт келгені анық, - деп атап өтті Бауыржан Сартбаев.

Мәжілісмен мемлекеттік қаражат есебінен мектептердің құрылысы кезінде қолайлы білім беру ортасын құруды ескеруге мән беруді сұрады.

Оқушылардың орын тапшылығын шешуге бағытталған заманауи білім беру ортасын құру және сапалы білім алуына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі Білім және ғылым министрлігінің қарауында екендігін ескеріп, жаңа мектептердің құрылысын бақылау құзыреттілігін де осы орталық мемлекеттік органға беруді сұраймыз, - деді ол.



Өзгелердің жаңалығы