Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдияр Байракимовтың «На грани» фильмі мамыр айының 17-і мен 31-і аралығында Испанияның астанасы Мадридте өтетін Imagine India халықаралық кинофестивальінің Life атты конкурстан тыс бағдарламасы шеңберінде көрсетіледі. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған кинофестивальдің негізі 18 жыл бұрын қаланған. Үндістан еліне арналған бұл фестивальдің атауы Джон Леннонның Imagine әнінен алынған. Алғашында бұл кино бәйгесінде тек үнді киносы көрсетілген. Уақыт өте фестиваль кеңейіп, азиялық фильмдерге бағытталған халықаралық дәрежедегі байқауға айналды.
Отандық жас режиссер Алдияр Байракимовтың фильмі көрсетілетін «Өмір» атты секциясында адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын фильмдер ұсынылады. Биылғы фестивальдің афишасын испандық танымал фотограф Альберто Бого және дизайнер Луис Кодерк жасап шығарды. Онда қиындықтарға төтеп бере алатын және өз өмірін өзі қадағалай алатын бүгінгі күннің заманауи әйелдің образы бейнеленген.
Естеріңізге сала кетсек, «На грани» фильмі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, алайда тағдырлары кездейсоқ тоғысқан жасөспірімдер туралы баяндайды. Отбасы жылуы мен жақындарының қолдауынан айырылған, тіпті әлеуметпен тіл табыса алмай жүрген олар бастарын қауіпке тігеді.
«Дәл қазір біз Германиядағы фестивальге қатысып жатырмыз. Еуропа көрермендері қазақ фильмдеріне үлкен қызығушылық танытып отыр. Сондықтан да, біздің фильм Мадридте көрсетілетініне өте қуаныштымын. Бұл жағымды жаңалықты естіп қатты толқып отырмын. Осы орайда «Дебют» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Анар Қашағанова мен көркемдік жетекшісі Дәрежан Өмірбаевқа, сондай-ақ жас режиссерлерге әрдайым қолдау көрсетіп отыратын «Қазақфильм» киностудиясының ұжымына алғысымды жеткізгім келеді», - деді режиссер Алдияр Байракимов.