Диас Досқараев: Жеңіске жетудің басты факторы – психологиялық тұрақтылық

18 Сәуір 2019, 09:49
2806
Бөлісу:
Диас Досқараев: Жеңіске жетудің басты факторы – психологиялық тұрақтылық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 20-21 сәуір күні Лондон қаласындағы Copper Box Arena стадионында теннистен Федерация кубогының екінші әлемдік тобының плей-офф кезеңі өтеді. Бұл туралы BNews.kz хабарлады.

Аталған стадионда Қазақстан мен Ұлыбританияның әйелдер құрамасы өзара кездеседі. Осы ойынның алдында Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев тілшілердің сауалына жауап берді.

Оның пікірінше, жеңіске жетудің басты факторы – психологиялық тұрақтылық.

«Лондонда бізді аса маңызды кездесу күтіп тұр. Құрамалардың рейтингіне, ойыншылардың тәжірибесіне қарайтын болсақ, өте лайықты қарсылас. Ең басты фактор психология деп ойлаймын. Брейк-поинт, сет-поинт болған кезде теннисшілер жанбай, жылдам шешім қабылдау маңызды екенін түсінсе болғаны. Сондықтан осы ойынға біз жақсы дайындалып жатырмыз. Қыздарға сенім білдіреміз. Олармен жұмыс істеудің өзіндік ерекшелігі бар. Әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесу керек. Мысалы, ерлермен кортта 4-5 сағат жаттығу жасаймыз. Ал қыздармен жаттығу жасамас бұрын сөйлесу маңызды. Әйелдер қауымы өте сезімтал келеді. Сол себепті оларға психологиялық тұрғыда қолдау қажет. Мұның бәрі ойынға әсер етеді», - дейді Диас Досқараев.

Вице-президенттің айтуынша, плей-оффта алғашқы кездесудің маңызы зор. Егер команда есепте алға шығатын болса, психологиялық тұрғыда жеңілдеу болады екен.

«Біздің қыздар туралы айтатын болсақ, олар осы жылы өте жоғары нәтижелер көрсетті. Нұр-Сұлтан қаласында Қытаймен ойын кезінде өте сенімді ойнадық. Енді сол ойынымызды осында жалғастырғымыз келеді. Лондонда да жанкүйерлерді күтеміз. Copper Box Arena стадионына 5500 адам сияды. Бізге қолдау аса қажет. Зарина Диас пен Юлия Путинцеваға сенім артамыз», - дейді ол.

Сонымен қатар, Диас Досқараев бұрынғы қателіктерді қайталамау маңызды екенін жеткізді.

«Бұрын плей-оффта Канададан ұтылып қалғанбыз. Осы жолы сол қателіктерден сабақ шығарып, келесі кезеңге шығуды көздейміз. Федерация президенті Болат Өтемұратовтың өзі қыздардан жоғары нәтиже күтеді. 11 жылдан бері әлемдік топқа кіруді армандап келеміз. Күтуден мен де шаршадым. Осы жолы сол ойымыз жүзеге асады деп сенемін. Лондонда алғашқы кездесу өте маңызды. Егер, Зарина Диас әлемдік рейтингте 46-орында орналасқан Йоханна Контамен кездесіп, алғашқы ұпайды еншілесе, онда Юлияға жеңілдеу тиер еді», - дейді федерация вице-президенті.

Айта кетейік, 20-21 сәуір күні Ұлыбритания астанасы Лондон қаласындағы Copper Box Arena стадионында теннистен Федерация кубогының екінші әлемдік тобының плей-офф кезеңі өтеді. Мұнда Қазақстан мен Ұлыбританияның әйелдер құрамасы өзара күш сынасады. 

Әйелдер құрамасы теннистен Федерация кубогының екінші әлемдік тобының плей-офф кезеңіне үш рет, яғни Франция (2013), Канада (2017) және Ұлыбританияға (2019) жолдама алған.

Аталған жарыста қазақ елінің намысын Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Анна Данилина, Галина Воскобоева қорғайды. Олардық қарсыластары – Йоханна Конта, Кэйти Бултер, Хитер Уотсон, Хэрриет Дарт, сондай-ақ Кэйти Суон.

Өзгелердің жаңалығы