Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жалпы білім беру мектептерінің мұғалімдері арасында «Үздік педагог - 2019» республикалық байқауы қалалық кезеңінің қорытындысы шығарылды, деп хабарланды елорда әкімдігінің ресми сайтында.
Байқау талантты педагогтарды анықтау мақсатында өткізіліп келеді. Іріктеу турларының қорытындысы бойынша, үздік нәтиже көрсеткен тоғыз қатысушы «Менің педагогикалық ұстанымым» кезеңі бойынша өзін-өзі таныстырды.
Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің математика пәні мұғалімі Гул Муаммер алды.
Бірінші орынды №76 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ернұр Омарханов, екінші орынды №70 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Бейсенбина иеленді.
Үшінші орынды № 62 мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі Алма Тұрғамбекова және дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің физика пәні мұғалімі Данияр Измаилов еншіледі.
Сонымен қатар, №4 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Айсұлу Сейдахметова «Педагог-зерттеуші», № 6 гимназияның ағылшын тілі мұғалімі Любовь Кан «Жаңашыл педагог», № 68 мектеп-гимназияның тарих мұғалімі Нағашыберген Карбоз «Эрудит-педагог», № 68 мектеп-гимназияның тарих мұғалімі Құралай Жауке «Педагог-әдіскер» номинацияларында жеңімпаз атанды. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері білім басқармасының дипломдары, білім беруді жаңғырту орталығының сертификаттары, сондай-ақ ақшалай сыйақымен марапатталды.